Оқиға 7 наурыз кешінде болған, деп хабарлайды ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
Ұлттық ұлан офицері туыстарынан қайтып келе жатып, қолында тапаншаға ұқсас заты бар ер адамды байқайды. Ер адам қатты мас күйде болып, қаруды адамдарға бағыттаған.
«Әскеридің хулиганға жақындаған сәтінде, ол тапаншасын офицерге қарата кезенді. Капитан жедел қимылдап, қол күрес тәсілдерін қолдану арқылы күдіктіні қозғалыссыз күйде ұстап тұрды. Ол ер адамды полиция қызметкерлеріне тапсырды», – делінген хабарламада.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері 55 жастағы Петропавл тұрғынын ұстады. Одан пневматикалық тапаншаға ұқсас зат тәркіленді.
«Аталған факті Петропавл полиция басқармасының ақпараттарды тіркеу кітабына енгізілді. Тапаншаға ұқсас зат баллистикалық сараптамаға жіберілді. Зардап шеккендер жоқ. Ер адамның үстінен қоғамдық орындарда мас күйінде жүру және ұсақ бұзақылық фактілері бойынша әкімшілік материалдар жиналып, сотқа жолданатын болады», – деп хабарлады полиция департаменті.
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.