Бұған бірден-бір себеп өткен жылы қабылданған «Масс-медиа туралы» заң деп жазады Ertenmedia.
Бұған сәйкес отандық телеарналарда қазақ тілінде шығатын проектілердің үлесі 55 пайыздан кем болмауы тиіс. Соның нәтижесінде еліміздегі ресейлік медиа өнімнің көлемі айталықтай азайған. Мұны Мәскеудің ең ірі мем. медиахолдингі саналатын ВГТРК-ның жылдық есеп-қисабы көрсетіп отыр.
Әуелі ВГТРК деген қандай ұйым, Қазақстанда қандай контент таратады деген сұраққа тоқталайық.
ВГТРК (Всероссийская государственная телевизионная и радиовещательная компания) Кремльдің меншігіндегі ірі медиахолдинг. Оған «Россия-1», «Россия-24», «Россия-Культура», «РТР-Планета» телеарналары мен «Радио России», «Вести FM», «Маяк» радиостанциялары қарайды.
Қазақстанда негізінен «РТР-Планета» сияқты федералдық арналар мен Ресейде түсірілген сериал, телехикая, детектив, ойын-сауық бағдарламаларын таратумен айналысады.
Жаңа заң қабылданғасын ВГТРК өз өнімдерін бұрынғыдай көлемде сата алмай қалған.
Кремль Украинға басып кіргелі бері қоғамда ресейлік медиаөнімнен саналы түрде бас тарту үрдісі байқалады.
Қазақстанда орысша сериалдарға, тележобаларға сұраныс бұрыннан-ақ жоқтың қасы. Соңғы уақытта аудиторияның басым бөлігі қазақша мазмұнға басымдық беруде. Осыған дейін орысша контент түсіріп келген вайнер мен блогерлер ақпараттты амалсыздан қазақ тіліне бейімдеп, аудиторияны ұстап қалуға тырысуда.
Орыс тілінде ән айтатын, сахнада жүрген әнші-әртіс те бұрынғыдай сұранысқа ие емес. Жаңа буын тыңдарманның таңдауы қазақша поп-мәдениетке ауған.
Бұрын қазақша контенттің басым бөлігі шоу-бизнеспен шектелсе, қазір психология, қаржы, тарих, кино, ілім-білім, автоблогерлік, туризм, тіпті мотивация бағытындағы контент те жетіп артылады.
Осыған қарағанда, ресейлік медиа алпауыттың еліміздегі дистрибуциясы алдағы жылдарда бұдан да төмендей түседі. Аудитория қазақ тілін табиғи түрде таңдап, орыс тіліндегі мазмұнды саналы түрде тұтынбауды әдетке айналдырып алды.
"Қазақтілді контенттің үстемдік құруы ұлттық қауіпсіздік пен идеологиялық тәуелсіздіктің басты тірегіне айналуы тиіс", - деп пайымдайды Ertenmedia.