Ресей СІМ Қазақстан аспанында ұшқан украин дрондарына наразылық білдірді

156

Munarmedia.kz 24.06.2025 /Астана/-Қазақстан аумағында Украина Қарулы күштерінің әскери дрондары байқалғаны туралы жаңалықтарға қатысты Ресейдің Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Мәскеу бұл жағдайды ОДКБ шеңберіндегі одақтасына қарсы жасалған әрекет ретінде бағалап отыр.

«Жаңа Түркістан ведомостерінің» хабарлауынша, 20 маусым, жұма күні Маңғыстау облысының Қарақия ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) құлаған. Алдын ала болжам бойынша, бұл — украин армиясының қару-жарағында бар Banshee Jet 80 маркалы дроны.

Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова бұл дрондардың 19–20 маусым күндері Қазақстан аумағы арқылы ұшып өткенін, сол күндері Астрахань мен Волгоград облыстарының үстінен БПЛА атып түсірілгенін растады.

19 және 20 маусымда Украина Қарулы күштерінің бірнеше ондаған ұшқышсыз аппараты Қазақстан Республикасының Батыс өңірі арқылы ұшып өткен. Олардың мақсаты Ресей аумағындағы нысандарға шабуыл жасау болуы мүмкін. Біз мұндай әрекеттерді одақтасымызға қарсы жасалған агрессия деп бағалаймыз және оларды қатаң айыптаймыз, — деді Захарова.

Ол барлық жауапты мемлекеттер мен халықаралық құрылымдарды бұл әрекеттерге реакция білдіруге, сонымен қатар «Киев режимінен» және оның батыстық демеушілерінен ресми түрде шеттетуге шақырды.

— Бұл — бүкіл Еуразия қауіпсіздігіне қатер төндіретін, жауапсыздықпен жасалған әрекет, — деп түйіндеді ресейлік дипломат.

Осы уақытқа дейін Қазақстан тарапы дронның құлауына қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Істің мән-жайы анықталу үстінде.