Ресей соты қырғыздар мен қазақтарды қорлаған блогерге 60 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады

56

Munarmedi.kz 30.01.2026/Астана/-Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Ленин аудандық соты блогер Екатерина Биволға қатысты әкімшілік істі қарап, үкім шығарды.

Сот шешіміне сәйкес, Екатерина Бивол қырғыздар мен қазақтарды қорлайтын мазмұндағы жазбалар жариялағаны үшін кінәлі деп танылып, 60 сағат міндетті қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұл туралы қалалық соттардың біріккен баспасөз қызметі хабарлады.

Іс Ресей Федерациясының Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 20.3.1-бабы бойынша қозғалған. Аталған бап «өшпенділік немесе араздық қоздыру, сондай-ақ адам қадір-қасиетін кемсіту» әрекеттерін қамтиды.

Сот талқылауына 2025 жылғы 22 қазанда Telegram-арналардың бірінде жарияланған бейнежазба себеп болған. Видеода блогер дөрекі, бейәдеп сөздерді қолдана отырып, ұлттық белгісі бойынша адамдар тобына, соның ішінде қазақтар мен қырғыздарға қатысты жағымсыз, кемсітуші пікірлер айтқан.

Сот мұндай әрекеттердің қоғамаралық келісімге нұқсан келтіретінін және заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін атап өтті.