Ресейде Орталық Азия мигранттарын заңсыз азаматтандырған бес бұрынғы полицей сотталды

45

Munarmedia.kz. 25.09.2026. ASTANA. Ресейдің Тула облысында Орталық Азия елдерінен келген заңсыз мигранттарға Ресей азаматтығын алуға көмектескен қылмыстық топтың 13 мүшесі сотталды. Олардың арасында бес бұрынғы полиция қызметкері бар.

Сот үкімімен айыпталушылардың барлығы 3 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер мемлекеттік көші-қон қызметтерін көрсету тәртібін жақсы білген. Олар 2023 жылы кадр іріктеу компаниясының жұмысын бүркемелеу арқылы заңсыз мигранттарды Ресей азаматтығына өткізу схемасын ұйымдастырған.

Қылмыстық топ әр мигранттан Ресей азаматтығын рәсімдеу үшін 500 мың рубль және одан да көп ақша алған.

Схемаға қатысушылардың бір бөлігі клиенттерді іздесе, енді бір тобы астыртын зертханаларда жалған құжаттар дайындаған. Атап айтқанда, Украина паспорттары мен тұрғылықты жер бойынша тіркеу туралы анықтамалар қолдан жасалған. Құжаттарға Украинадағы әскери операция басталғанға дейінгі мерзімдер қойылған.

Осы жалған құжаттардың негізінде мигранттар Ресей паспорттарын алуға мүмкіндік алған.

Қылмыстық топ мүшелері өздерін әшкерелемеу үшін дайын құжаттарды клиенттерге курьерлер арқылы жеткізіп отырған.

Сот барысында айыпталушылардың кінәсі дәлелденген. Бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, сот оларға 50 мыңнан 1,6 миллион рубльге дейін айыппұл салған.

Мәскеу, Тула, Донецк халық республикасы және Ростов-на-Дону қалаларында жүргізілген тінту кезінде мемлекеттік органдар мен мекемелерге тиесілі көптеген мөр, штамп және құжат бланкілері тәркіленген.

Заңсыз жолмен берілген Ресей паспорттарының күші жойылды. Ал аталған шетел азаматтары Ресейден шығарылып, олардың елге қайта кіруіне тыйым салынды.

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, қылмыстық схема дәл осы азаматтық алу рәсімдерін айналып өтуге және жалған құжаттар арқылы заңдастыруға бағытталған.

#Ресей #ОрталықАзия #мигранттар #көшіқон #азаматтық #Тула #полиция #қылмыс #Munarmedia