Ресейдегі жаңа ереже: Қазақстандықтардың SIM-карталары сөндіріле бастады

105

Munarmedia.kz /Астана/ 4 шілде 2025 жыл-1 шілдеден бастап Ресей аумағында шетелдік азаматтарға тиесілі SIM-карталарды кезең-кезеңімен ажырату басталды. Бұл шараға Қазақстан азаматтары да ілікті. Ресейдің Цифрлық даму министрлігі бұған дейін ескерту жасағанымен, көптеген азаматтар ол ақпаратқа дер кезінде назар аудармаған.

Жаңа талап бойынша, Ресейде жүрген шетелдіктердің барлығы өз SIM-карталарын ресми түрде биометриялық тіркеуден өткізуі тиіс. Бұл дегеніміз – адам бетінің суреті мен саусақ іздері арнайы базада тіркелуі керек деген сөз. Талап орындалмаған жағдайда, байланыс операторлары абонентті желіден ажыратады.

Ажырату бірден емес, бірнеше сатыда жүзеге асады:

  • Алдымен халықаралық қоңыраулар мен роумингтік қызметтер шектеледі;

  • Содан соң мобильді интернет өшіріледі;

  • Егер 30 күн ішінде биометрия тапсырылмаса – нөмір толық бұғатталады;

  • Үш айдан астам уақыт бойы белсенді емес SIM-карталар да автоматты түрде ажыратылады.

Ресейдің шетелдіктерге қатысты бұл қадамы – ақпараттық қауіпсіздікті күшейту әрекетінің бір бөлігі. Алайда бұл жағдай Қазақстан азаматтарының дайындықсыздығын да әшкерелеп отыр. Қазірдің өзінде Ресейде жүрген көптеген отандастарымыз қайда барып, қалай тіркелу керектігін білмей, жаппай ақпарат іздеуге көшкен.

Ең бастысы – бұл шаралар алдын ала айтылған. Бірақ бізде әдеттегідей «гром гремит – креститься бастаймыз» деген жағдай қайталануда.

Ресейде жүрген қазақстандықтарға келесі кеңестер беріледі:

  • Өз SIM-карталарыңыздың тіркеу статусын тексеріңіз;

  • Жергілікті МФЦ (мемлекеттік қызмет көрсету орталықтары) немесе байланыс операторларына барып, биометрия тапсырыңыз;

  • ruID қосымшасын жүктеп, қажетті сауалнамаларды толтырыңыз.


📌 Munarmedia.kz алдағы уақытта Ресейдегі шетелдік азаматтарға қатысты ережелерді қадағалап, дер кезінде ақпарат таратады.