Ресейдің «қара тізіміне» 150 мыңнан астам тәжікстандық енді — Тәжікстанның Еңбек министрлігі

39

Munarmedia.kz 29.11.2025 /Астана/ Тәжікстан Республикасының Ресейдегі Еңбек, миграция және халықты жұмыспен қамту министрлігінің өкілдігі Ресейдің «қара тізімінде» тұрған азаматтар жөніндегі жаңартылған мәліметті жариялады. «Asia Plus» басылымының хабарлауынша, биылғы қарашадағы жағдай бойынша бақылауда тұрған адамдар тізімінде 150 мыңнан астам тәжік азаматының аты-жөні бар. Бұл — алдыңғы статистикамен салыстырғанда 30 мың адамға көп.

Бұған дейін, 2024 жылдың қазан айында, Тәжікстан билігі Ресейдің «қара тізімінде» 120 мыңнан аса тәжік мигранты бар екенін хабарлаған еді.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2016 жылы дәл осы министрліктің дерегіне сәйкес, Ресейге кіруге тыйым салынған Тәжікстан азаматтарының саны 330 мыңнан асқан. Ол кезеңде де бұл топ халық арасында «қара тізім» деп аталып келген.

Ал қазір «қара тізім» деп Ресейде 2025 жылдың 5 ақпанынан бастап күшіне енген бақылаудағы тұлғалар тізілімін атайды. Бұл тізімге енген адамдар:

  • Ресейде банктік есепшот ашуға;

  • Бірқатар қаржы операцияларын жүргізуге;

  • Жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуға құқылы емес;

  • Жалпы алғанда, олардың құқықтары айтарлықтай шектелген.

Тізілімнің кеңеюі Ресей аумағында жүрген Орталық Азия мигранттары үшін жаңа шектеулер кезеңінің басталғанын білдіреді.