Ресейдің QR-код тәжірибесі шекарада дағдарысқа ұласты: «Жайсан – Сагарчинде» ұзын-сонар кезек

30

Munarmedia.kz /Астана/ 4 шілде 2025 жыл-Актөбе облысындағы «Жайсан – Сагарчин» шекара бекетінде Қазақстан азаматтарының Ресейге өтуін қиындатқан жағдай қалыптасты. Жаңа енгізілген тәртіп салдарынан бекет маңында ұзын-сонар кезек пайда болып, жүздеген адам бірнеше сағат бойы шекарада тұрып қалды.

Ресми түрде — ерікті, іс жүзінде — мәжбүрлі

30 маусымнан бастап Ресей тарапы шекарадан визасыз өту үшін жаңа эксперименттік жүйені іске қосты. Енді азаматтар биометриялық деректерін тапсырып, ruID қосымшасы арқылы онлайн өтініш толтыруға міндетті. Кеше ғана Ресейдің Қазақстандағы елшілігі бұл шаралардың ерікті негізде жүзеге асырылатынын хабарлаған еді. Алайда бүгінгі ахуал мүлде басқа — Ресей шекарашыларының талаптары ережені міндетті тәртіпке айналдырғандай.

Адамдар аш, шаршаған, ыстықта тұр

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, «Жайсан» бекетінде құтқарушылар жұмылдырылып, кезекте тұрғандарға ыстық тағам мен су таратылуда. Ауа райының ыстықтығы мен көлеңке орындарының жоқтығы жағдайды тіпті күрделендіріп тұр. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалдарда жүздеген адамның жүк көліктері мен жеңіл машиналарда сағаттап тұрғаны көрінеді.

Саяси реңк пен бюрократиялық салғырттық

Сарапшылар бұл жағдайды Ресейдің цифрлық бақылау мен миграциялық процестерді қатаңдатуға бағытталған саясатының бір бөлігі деп санайды. Алайда бұл процестің нақты түсіндірусіз, алдын ала дайындықсыз басталуы көрші ел азаматтарын тығырыққа тіреп отыр.

 Цифрлық хаос пен ескі әдіс

Қағаз жүзінде ерікті деп жарияланған шараның іс жүзінде мәжбүрлікке айналуы — посткеңестік кеңістіктегі шенеуніктік реформа стилінің үйреншікті көрінісі. Бұл жолы да цифрлық бюрократия қарапайым азаматтың мойнына салмақ түсіріп, шекарадағы күнделікті өмірді тағы да қиындатып жіберді.

Munarmedia.kz оқиғалар барысын бақылауда ұстап отыр.