Munarmedia.kz 24.09.2025 / Астана / Ресейдің Самара облысындағы кеден қызметі «Сағарчин» шекара өткелінің маңында Қазақстаннан Башқұртстанға бағыт алған «Газель» көлігін тоқтатып, оның ішінен бір «DJI Mavic» квадрокоптерін, екі FPV-түріндегі «Ключ-Фортуна» ұшатын құрылғысын және бөлшектелген күйдегі 34 ұшқышсыз ұшу аппаратын (БПЛА) анықтады. Бұл туралы Ресей Федералдық кеден қызметі (ФКҚ) хабарлады.
Ресейлік кеденшілердің мәліметінше, жүргізуші аталмыш құрылғыларды тиісті құжаттарсыз тасымалдаған. FPV-дрондар бейнебақылау суретін нақты уақытта беруге қабілетті камералармен жабдықталған. Күдікті бұл құрылғыларды жеке видеотүсірілім мақсатында алып бара жатқанын айтқанымен, бұл нұсқа шекара қызметінің күмәнін тудырған. Тексерушілер мұндай құрылғылардың азаматтар үшін қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.
«Алдын ала сараптамалық кеңес нәтижесінде екі құрылғы 5 килограммға дейін жүк тасымалдауға бейімделген ұшақ үлгісіндегі БПЛА екені, біреуі барлау мақсатындағы ұшқышсыз аппарат, ал қалған бөлшектерден 32 шағын дронды жинауға болатыны анықталды. Бұл құрылғылардың конструкциясы жүк тастау мүмкіндігін көздейді», — делінген ФКҚ таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта Самара кеденшілері жүктің өзін ұстаған, сараптама тағайындау мәселесі қаралуда. Қосымша тергеу амалдары жалғасып жатыр.