РФ полициясы Екатерина Биволды бейнежазбадағы қазақ пен қырғызды қорлаған сөздері үшін іздестіруде

45

Munarmedia.kz — 14.11.2025 Ресейде белгілі боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Биволға қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұған оның Қырғызстан мен Қазақстан тұрғындарына қатысты айтқан қорлайтын сөздері түсірілген бейнежазбалар себеп болған. Сонымен қатар оны ТМД елдерінің құқық қорғау органдары да іздестіріп жатыр.

РФ ІІМ-нің Санкт-Петербург және Ленинград облысы бойынша Бас басқармасы бұл оқиғаға байланысты тексеріс жүргізіп жатқанын растады. Бұл туралы Ресей ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Евгений Артёмов журналистерге хабарлады.

Бұған дейін Екатерина Биволдың есірткі масаң күйінде көлік жүргізгені туралы ақпарат тараған. Бұл дерек оның өзі әлеуметтік желіде жариялаған видеолар арқылы белгілі болған.

Жарияланған видеоларда әйел адам тыйым салынған заттарды қолданғанын мойындап қана қоймай, бірқатар халықтарға қатысты қорлайтын пікірлер айтқан.

Психиатр-нарколог Василий Шуровтың айтуынша, Биволдың бұрынғы әйелі бейнероликтерді психостимуляторлар қабылдағаннан кейін түсірген болуы мүмкін. Мамандар сондай-ақ оның мұндай әрекеті қоғамның назарын өзіне аударуға деген талпыныстан да туындауы ықтимал екенін жоққа шығармайды.