Риддер ЖЭО-дағы төтенше жағдай кезінде жарақат алған алты жұмысшының жағдайы туралы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 21 желтоқсан күні, сенбіде, таңғы сағат 4:39-да Риддер ЖЭО-да жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде ленталық конвейерде төтенше жағдай орын алды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, өрт ары қарай тарамағанымен, ЖЭО-ның алты жұмысшысы әртүрлі дәрежедегі күйік алған.
Оқиғадан кейін барлығы Риддер қалалық ауруханасына жатқызылды. Науқастардың жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда.
«Қазір науқастар есін біліп жатыр, өздігінен тыныс алады. Медициналық қызметкерлер тарапынан қажетті көмектің барлығы көрсетілуде, пациенттер тұрақты бақылауда.
Облыс орталығынан бригада келіп жетті, консилиум өткізіп, науқастардың жағдайын бағалаймыз және оларды облыстық орталыққа көшіру мәселесін қарастырамыз», — деп хабарлады ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жиентаев.
Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығынан дәрігерлердің бригадасы Риддерге ЖЭО-дағы апаттан зардап шеккен науқастарға көмек көрсетуге келді.
Үш науқастың жағдайы аса ауыр болғандықтан, олар Өскеменге емделуге жеткізілгені мәлім болды.
Зардап шеккендерге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев та келіп, жағдаймен танысты.
Бұған дейін әкім ЖЭО-да болып, төтенше жағдай станция жұмысына әсер етпейтінін мәлімдеген еді.
Қазіргі уақытта қала тұрғындарының үйлеріндегі температура қалыпты деңгейде сақталып отыр. Пәтерлердің суығаны туралы жаппай шағымдар түспеген.