Munarmedia.kz 29.09.2025 /Астана/ Қостанай облысында жоғары лауазымды құқық қорғау қызметкеріне қатысты шу шықты. 28 қыркүйекте Рудный қаласының прокуроры ұсталды. Бұл операцияны облыстық прокуратура бөлімшелері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген.
Генеральды прокуратураның баспасөз қызметі тек күдіктінің қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекетке қатысы бар деген негізде ұсталғанын растады. Алайда оқиғаның толық мән-жайы әзірге жария етілген жоқ.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, ұсталған тұлға — Мурат Успанов. Ол 2024 жылдың 6 қыркүйегінде Рудный қаласының прокуроры қызметіне тағайындалған. Бұған дейін Арқалық қаласының прокуратурасын басқарған.
Алдын ала болжам бойынша, іс пара алу дерегімен байланысты. Егер бұл ақпарат расталса, еліміздегі құқық қорғау жүйесіне деген сенімге үлкен соққы болмақ.
Прокурор — заң мен әділдіктің өкілі, халық сенімінің символы. Ал дәл осы лауазымды тұлғалардың жемқорлыққа шатылуы қоғамда үлкен наразылық пен сенім дағдарысын туындатады.
Бұл оқиға — кезекті сигнал. Жемқорлық тек бір адамның әрекеті ғана емес, жүйелік проблемаға айналғанын көрсетеді. Мұндай жағдайлар тек жазалаумен емес, ашықтық пен тиімді бақылау арқылы шешілуі тиіс.
Қазіргі таңда МҰҚК мен прокуратура тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның толық жай-жапсары алдағы күндері белгілі болады деп күтілуде.
• Фото: әлеуметтік желілерден алынған