Рухани жаңғырудың ұясы: Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі және өнердің өркендеу жолы

49

Munarmedia.kz 19.11.2025 / Астана Бүгін Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттерімен жүздесудің сәті түсті. Бұл кездесу – тек ресми шара емес, өзімнің жастық шағыма қайта оралып, кәсіби қалыптасуымның бастауына көз салған ерекше сәт болды.


Президент Жолдауындағы басты бағыттар, экология мәселелері, рухани мәдениетті жаңғырту, табиғат пен өнердің үйлесімі туралы ашық әңгіме өрбіп, жастардың ой-өрісі мен танымға деген талпынысы қуантты.


Алайда бұл кездесу жай ғана әңгіме емес, колледждің тарихын, қазақ руханиятындағы орнын тағы бір мәрте еске салған мәнді шара болды.


Тарихы терең, тағылымы мол оқу орны

Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі – Қазақстандағы мәдениет және өнер саласының ең көне әрі беделді оқу орындарының бірі. Оның іргесі 1971 жылы қаланған. Сол уақыттан бері колледж еліміздің мәдениет кадрларын даярлауда үздік мектепке айналды.

Алғашқы жылдары-ақ бұл білім ордасы кітапханашылар, мәдени ұйымдастырушылар, хореографтар мен актерлер даярлайтын орталық ретінде танылды. Тәуелсіздік жылдары оқу орны жаңа тыныс алып, музыкалық өнер, сахна тілі, қолданбалы шығармашылық салалары бойынша мамандар дайындауды жетілдіріп, оқу бағдарламаларын заман талабына сай жаңартты.


1990-жылдардың басындағы ауыр кезеңдерде де колледж руханияттың шамшырағын өшірмей, қазақ мәдениеті үшін мамандықтың қасиетін жоғалтпай, елдің өнер кеңістігін жаңа есімдермен толықтыруды жалғастыра берді. Сол қиын шақта осы оқу ордасында білім алу – мен үшін де үлкен мектеп, тұлғалық қалыптасудың негізі болды. Сондықтан да бұл ғимараттың әр бұрышы маған ыстық.

Жастар – мәдениетіміздің болашағы

Бүгінгі кездесуде студенттердің жаңашыл ойы, ашық пікірлері, өнерге деген бейімділігі ерекше сезілді. Олар – ертеңгі мәдениет саласының көшбасшылары, ертеңгі сахна, өнер, ақпарат кеңістігін қалыптастыратын буын.


Экология туралы айтқанда, жастар табиғатпен үйлесімде өмір сүрудің маңызын жақсы түсінетіні байқалды. Өнер мен табиғат – адам руханиятының екі қанаты. Бірі жаратылыстың әсемдігін қорғаса, екіншісі сол әсемдіктің мәнін жүрекке жеткізеді.



Оқу орнының бүгінгі жетістігі – басшылар еңбегі

Колледждің бүгінгі деңгейі– кәсібилік пен адалдыққа негізделген басшылықтың еңбегі. Кездесудің жоғары деңгейде өтуіне жағдай жасаған колледж директоры, белгілі өнертанушы, әнші-ғалым Саян Болатұлы  Мұхамедияр, сондай-ақ директордың орынбасары Райхан Балтабаевна – жас буынды тәрбиелеудің алдыңғы шебінде тұрған азаматтар.

Колледж директоры Саян Болатұлының айтуынша, "Оқу орны шығармашылық ұжымдардың жыл сайынғы жетістіктерімен және олардың облыстық көркемөнерпаздар байқауының лауреаты атағымен, Түркия еліндегі фольклорлық ансамбльдер, Дагестан Республикасындағы «Каспий – достық жағалауы» халықаралық фестивальдеріне қатысуымен, Ресей Федерациясы Йошкар-Ола және Курган қалаларында өткен театралдық қойылымдарымен, облыстық, республикалық және халықаралық жастар Дельфий ойындарындағы, «Қазақстан раушандары» фестиваліндегі жеңістерімен мақтанады.

Колледж түлектері Қазақстанның көптеген аймақтарында, сонымен қатар алыс және жақын шетелдерде мәдениет және өнер салаларының жоғары кәсіби мамандары болып қызмет атқаруда.

Колледжде нағыз мамандар, өз ісінің шеберлері, білікті оқытушылар еңбек етіп, білім алушыларға хореографияның, сценарий жазу шеберлігінің, режиссураның, дизайн өнері мен кітапхана ісінің құпияларын ашып, қыр-сырын үйретуде" дейді. 


Олардың еңбегі – еліміздегі мәдениет саласының болашағына жасалған инвестиция.

Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі – тек білім ордасы емес, қазақ руханиятының тірегі. Бұл оқу орны өнерді қадірлейтін, мәдениетті ардақтайтын, елдің рухани капиталына жауапты мамандарды тәрбиелейтін қасиетті шаңырақ.

Бүгінгі кездесу – өткенге тағзым, болашаққа сенім, ал жастармен пікір алмасу – рухани мәдениеттің жаңа буынының қалыптасып келе жатқанын айқын көрсеткен ерекше күн болды.

Еліміз мәдениет пен өркениеттің биігіне жетемін десе, дәл осындай оқу орындарын қолдау – басты міндет.

Баяжума Асылбек, Көкшетау.