Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Сарапшы Михайлов: Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыстың ушығуы Орталық Азия елдерінің мүдделеріне әсер етуі мүмкін

44


Егер Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс ауқымды соғысқа ұласатын жағымсыз сценарий жүзеге асса, оның салдары Орталық Азия елдерінің мүдделеріне тікелей әсер етеді. Бұл жағдайда Орталық Азия республикалары соңғы жылдары Үндістан, Пәкістан және Ауғанстанмен бірлесіп жүзеге асыруды көздеген жобалардың орындалу мүмкіндігі күрт төмендейді. Бұл туралы Орталық Азия бойынша сарапшы, «Logistan» басылымының бас редакторы Григорий Михайлов мәлімдеді.

«Наурыз айында "Logistan" Пәкістан арқылы жобалар жоспарланған кезде ескерілетін қауіптер туралы жазған еді. Ол кезде терроризм мәселесі көтерілген болатын. Екі ай өтті, жағдай айтарлықтай нашарлады: енді Үндістан мен Пәкістан соғыс жағдайына келуі мүмкін. Бірі — әлемдегі халық саны бойынша ең үлкен мемлекет, екіншісі — Қытайдың аймақтық одақтасы болып табылатын екі ядролық державаның арасындағы жанжал бүкіл әлемге қауіп төндіреді», — деді Михайлов.

Кеше Үндістан Қарулы күштері Пәкістан мен Пәкістанға тиесілі Кашмир аумағындағы инфрақұрылым нысандарына соққы жасаған «Синдур» операциясын бастағаны белгілі болды. Пәкістан әуе кеңістігін жауып, жауап қайтаратынын мәлімдеді. Бұл жағдайды Таяу Шығыс жағдайымен салыстырған сарапшылар Иран мен Израиль арасындағы соққылар алмасуына ұқсастығын атап өтті.

Үндістандық «News 18» телеарнасының хабарлауынша, Үндістанның жоғары лауазымды тұлғалары АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы, БАӘ өкілдерімен байланысқа шығып, Пәкістанға бағытталған зымыран соққылары туралы хабарлаған. Басылымның мәліметінше, «Синдур» операциясы кезінде 17 лаңкес жойылып, 60-ы жараланған. АҚШ-тағы Үндістан елшілігі үнді тарапы бейбіт тұрғындар мен Пәкістан әскери нысандарына соққы жасамағанын алға тартады.

Зымыран соққылары Котли, Музаффарабад, Равалакот және Бахавалпур қалаларына бағытталған. Үндістан Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, дәл осы өңірлерден бейбіт халыққа қарсы лаңкестік шабуылдар жоспарланып, жүзеге асырылған. Барлығы 9 нысан шабуылға ұшыраған. «Reuters» агенттігі кем дегенде бір баланың қаза тауып, екеуінің жараланғанын хабарлады.

Пәкістан 48 сағатқа әуе кеңістігін жапты. Пәкістанның әскери өкілі Ахмед Шариф Чаудхри бұл шабуылды «қорқақтық пен масқара әрекет» деп атап, қазір елдегі барлық ұшақтардың әуеге көтерілгенін мәлімдеді. Ел билігі жауап қайтаратынын айтты.

«Logistan» хабарлауынша, Пәкістан Үндістанға қарсы шабуылға көшті. «Bloomberg» дерегінше, Пәкістан бес үнді ұшағын атып түсіріп, үнді сарбаздарын тұтқынға алғанын мәлімдеген.

«Tajikistan News» басылымы бұған дейін Пәкістанның Қорғаныс министрі Хаваджа Мұхаммад Асифтің ескертуін еске салады: егер Үндістан соғыста жеңіске жетсе, жер бетінде тірі жан қалмайды, өйткені екі ел де ядролық қаруға ие. «Егер Үндістан шабуыл жасап, Пәкістанның өмір сүруіне қауіп төнсе, ешкім тірі қалмайды. Біз бұл планетада ешбір елдің өмір сүруіне жол бермейміз», — деген еді ол.