Munarmedia.kz.09.10.2026.ASTANA- АҚШ-та 18 жастағы Коллин Слеммерді салттық рәсім кезінде өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген Криста Пайк сәтсіз орындалған жазадан алты күн өткен соң ауруханада есін жиды. Оның адвокаты Рэнди Спайвидің айтуынша, әйел оянғаннан кейін: «Мен қайдамын?» және «Сіз кімсіз?» деген сұрақтар қойған.
Адвокаттың сөзінше, Пайктың жағдайы ауыр болған. Ол есін жиған кезде ашуланып, абдырап қалған.
Рэнди Спайви бұған дейін сотталған әйелдің қайтыс болғанына сенгенін де жасырмады.
«Біз Кристаның миы өлді деп есептедік. Келесі күні оның өмірін сақтап тұруға бағытталған медициналық шаралар тоқтатылады деп ойладық. Бірақ сейсенбі күні Криста есін жиып, сөйлей бастады», – деді адвокат.
Өлімге әкелетін инъекция нәтиже бермеген
Криста Пайкты 30 қыркүйекте өлімге әкелетін екі препаратты инъекциялау арқылы жазалау жоспарланған. Алайда процедура күткендей нәтиже бермеген: әйелдің тыныс алуы жалғасып, оны ауруханаға жеткізген.
Кейінгі мәліметтер бойынша, медициналық препаратты енгізу кезінде көктамырға қол жеткізу мәселесі туындаған болуы мүмкін. Соның салдарынан улы препараттың бір бөлігі көктамырға емес, бұлшықет тініне түскен деген болжам айтылды.
Сотталған әйелдің жағдайы ауыр
Адвокаттардың мәліметінше, Криста Пайк қолдарын қозғалта алмайды және жұтыну қабілетінен айырылған. Өлім жазасын орындау кезінде оның қолдары ауыр жарақат алған.
Қазіргі уақытта әйел аурухана төсегінде шынжырмен бекітілген күйде жатыр. Оның әрі қарайғы жағдайы мен медициналық көмектің нәтижесі әзірге белгісіз.
Өлім жазасы жөніндегі ақпарат орталығының (Death Penalty Information Center) мәліметіне сәйкес, Криста Пайк өлім жазасын орындау кезінде өлімге әкелетін инъекциядан аман қалған алғашқы адам болған.
Бұл оқиға АҚШ-та өлім жазасын орындау кезінде қолданылатын медициналық рәсімдердің қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты күрделі сұрақтар туындатып отыр.