«Сәтсіз термин қолдандым» – Перуашев «штрафстан» сөзі үшін кешірім сұрады
Бөлісу:
76
Президент Тоқаевтың қазақстандықтардың өз елін мазақ ететіні туралы пікірінен кейін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «штрафстан» деген сөзінен бас тартты. «Бұл біз үшін сабақ болмақ» Мәжіліс дәлізінде Перуашев өз сөзі мемге айналғанын мойындады. «Біз сөйлегенде, айтқан сөзімізді басқалардың қалай қабылдайтынын ескеруіміз керек. Инвесторлар мен туристер жаман елге келмейді. Мен өз сөзімде жауапкершілік қажет екенін айттым, бірақ жазаның ауырлығы құқық бұзушылықтың деңгейіне сай болуы тиіс. Өкінішке қарай, сәтсіз термин қолданыппын. Бұл біз үшін сабақ болады. Парламентте ресми тіл қолдану керек», – деді депутат. Тоқаевтың қатаң ұстанымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше жасаған мәлімдемесінде интернетте «деструктивті контент» таратқандарға қатаң жаза қолдануды ұсынды. Ол кей азаматтардың Қазақстанды мазақ ету нысанына айналдырғанын атап өтті. «Штрафстан» туралы дау Айта кетейік, екі апта бұрын «Ақ жол» партиясының депутаттары айыппұл жүктемесінің тым ауыр екенін көтеріп, Ішкі істер министріне осы мәселе бойынша сауал жолдаған болатын.