🔹Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай «Жаңа формация басшысы» тақырыбындағы саяси мемлекеттік қызметшілерді оқыту бағдарламасының жабылуына қатысты.
🔹Аудандар, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарының басшылары биылғы жылдың 14 қазаны мен 6 желтоқсаны аралығында офлайн және онлайн форматтарда оқудан өтті.
🔹Оқыту байланыс, экономикалық және стратегиялық жоспарлау, адами ресурстарды басқару, көшбасшылық, инфрақұрылымды басқару сынды модульдерден тұрды. Тыңдаушыларының құзыреттерін қалыптастыру және жетілдіру мақсатында оқыту бағдарламасы кейстерді талдауға негізделді, сондай-ақ көшпелі және қонақтық сессиялар ұйымдастырылды.
🔹МҚІА төрағасы өз сөзінде Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында ел дамуында шешуші рөл атқаратын жүйелі мәселелер қатарында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өткеніне назар аударды. Оқыту барысында оған қатысушылар адами ресурстарды басқарудың заманауи тәсілдерін зерделеуге, тиімді көшбасшылық дағдыларын игеруге және өзгерістер жағдайында басқару әдістерін үйренуге мүмкіндік алғанын атап өтті. Әсіресе деректерді талдаудың жаңа тәсілдеріне және аудандар үшін экономикалық жоспарларды әзірлеу және іске асыру әдістеріне ерекше назар аударылды. Бұл қатысушыларға аймақтың қажеттіліктерін тереңірек түсіну және стратегиялық бастамаларды нақты жағдайларға бейімдеу дағдыларына үйренуге мүмкіндік берді.
🔹«Президенттің тапсырмаларына сәйкес бүгінгі таңда азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарлана отырып, мемлекеттік аппараттың жұмысы белсенді жетілдірілуде. Сондықтан ашықтық пен әділдік сынды іргелі қағидаттарға негізделген мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының жаңа моделін құру маңызды. Сіздер алған білімдеріңізді тәжірибеде қолданып, мемлекеттік аппаратқа деген сенімді арттыра отырып, өз аймақтарыңызда жаңа өзгерістерге бастамашы бола аласыздар деп ойлаймын», - деді Агенттік төрағасы.
🔹Айта кету керек, бағдарламаның мақсаты – саяси мемлекеттік қызметшілердің басқарушылық құзыреттерін шыңдап, ұйымдастырушылық дағдыларын жетілдіру. Оқу бағдарламасын ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп әзірлеген.
🔹Оқу курсына қатысушыларға «Жаңа формация жетекшісі» оқу бағдарламасын аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды.