Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған концерт 31 мамырда Almaty Theatre-де өтуі тиіс еді. Алайда шараға бірнеше апта қалғанда ол ешқандай ресми ескертусіз кенеттен тоқтатылды.
Бұл туралы композитор Еркеш Шакеев өзінің Facebook парақшасында жазды. Алдымен Almaty Theatre басшылығы концерттің өтпейтінін ауызша түрде хабарлаған, ал кейінірек FreedomTicketon сайты билет сатуды тосыннан тоқтатқан. Кейін Алматы қаласының мәдениет басқармасы да іске араласқан.
«Almaty Theatre тарапынан бас тартудан кейін бес күн өткен соң, Алматы қаласының мәдениет басқармасы ұйымдастырушылар — яғни біз немесе театр (дәл қайсысымыз екені түсініксіз) тарапынан шара туралы тиісті хабарлама болмағанын айтып, кешігіп болса да наразылық білдірді. Барлық ресми бас тартулардың егжей-тегжейін алып, жариялаймын деп үміттенемін», — деп жазды композитор таңданысын жасыра алмай.
Қазақстанда 1997 жылдан бері 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күні елде қаралы шаралар мен еске алу акциялары өтеді.
Аталған концерт тек музыкалық кеш қана емес, сонымен қатар тарихи жадымызды жаңғыртуға арналған еске алу актісі болуға тиіс еді. Енді бұл шараның тағдыры — жауабы жоқ сұрақ болып тұр. «Орда» редакциясы театр мен қалалық мәдениет басқармасына ресми сауал жолдады.
Бұған дейін біз «Наив» тобы мен басқа да танымал әртістердің концерттері тоқтатылғаны туралы жазған едік.
• Фото: Еркеш Шакеевтің Facebook парақшасынан.