Шекара маңындағы қауіп: Атырау облысында тағы да дрон бөлшектері табылды

44

Munarmedia.kz /Атырау/ 6 шілде 2025 жыл-Атырау облысының Құрманғазы ауданында тағы да белгісіз ұшу аппаратына ұқсас бөлшектер табылды. Бұл жолы күмәнді фрагменттер Ресеймен шекараға жақын орналасқан ашық дала аумағынан анықталған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, табылған затқа байланысты тексеру жұмыстары басталып кеткен.

«Беймәлім нысанның табылуына байланысты құзырлы органдармен бірлескен тексеру жүргізілуде. Көлемі бойынша бұл объект ұшқышсыз ұшу құрылғысының бөлшектеріне ұқсайды. Оқиға орнында зардап шеккендер мен материалдық шығын жоқ. Қазір барлық жағдай анықталып жатыр», — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Бұл – Атырау өңірінде тіркеліп отырған алғашқы жағдай емес. 22 маусым күні Қоныртерек ауылы маңынан да дронға ұқсайтын құрылғы табылып, арнайы комиссия жұмыс істеген болатын. Алайда, аталған екі оқиғада да ресми органдар әзірге табылған нысандардың нақты қайдан шыққанын ашып айтқан жоқ.

Қазақстан мен Ресей шекарасының бұл бөлігінде соңғы кездері түрлі әскери сипаттағы объектілердің табылуы өңірдегі тұрғындарды алаңдата бастады. Қазір қоғам дрон бөлшектерінің қайдан пайда болғаны туралы нақты ақпаратты күтуде.

• Сурет: DALL-E нейрожүйесі арқылы жасалған.