Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі халықаралық іздеуде жүрген Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Садвақасовтың ұсталғанын хабарлады. Ол мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтпек болған кезде Өзбекстан шекара қызметінің қолына түсті. Қазіргі уақытта экс-шенеунік тергеу изоляторына қамалып, Қазақстанның құқық қорғау органдары Бас прокуратурамен бірлесіп, оны экстрадициялау бойынша қажетті құжаттарды дайындап жатыр, деп жазады Politprosvet.kz.
Садвақасов 2019 жылдан бастап Ақтау әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Оған аса ірі көлемде алаяқтық жасады және пара беруге итермеледі деген айып тағылып отыр. Бұл іс заңсыз пайдалы қазбаларды өндіруге байланысты Обуховское кен орнының дауына қатысты, оның басты фигуранты – Tioline компаниясының тең иесі Виктор Долгалев. Компания кен орнын игеру бойынша келісімшартқа ие болғанымен, өз міндеттемелерін орындамағандықтан, лицензиясынан айырылған.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылдың шілдесінде Садвақасов адвокат Санат Құрманбаевпен бірге жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы байланыстарын пайдаланып, Долгалевтің бизнес-серіктестеріне қарсы қылмыстық іс қозғауды ұйымдастыруды ұсынған. Алайда, олар алғашқы 90 миллион теңге көлеміндегі параны алған соң, уәде етілген әрекеттерді орындамай, ақшаны өздеріне қалдырған.
Қазіргі уақытта Тимур Садвақасовқа қатысты іс Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жаңа қарауға жіберілді.