Munarmedia.04.02.2026 /Астана/-02 ақпан 2026 жыл- Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Самсы ауылында орналасқан Телтай Сәрсембек атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Нұрислам Арыстанның өз-өзіне қол жұмсауына мектеп психологы мен тәрбие ісі жөніндегі меңгерушінің әрекеті себеп болды ма? Қайтыс болған баланың ата-анасы болмашы жасөспірімдер төбелесі мектеп әкімшілігі тарапынан қысымға ұласып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталғанын айтады. Orda.kz тілшісі Самсы ауылына барып, оқиғаның мән-жайын анықтап қайтты.
Самсы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Мақпал Әміртаеваның айтуынша, марқұм Нұрислам Арыстан — алты баланың бесіншісі. Анасы баласының мейірімді, ашық мінезді, агрессияға бейім емес екенін, өзіне қол жұмсайтындай күйде болмағанын айтады. Оның сөзінше, ұлының өліміне мектеп психологы мен тәрбие ісі жөніндегі меңгерушінің тікелей ықпалы тиген.
Нұрислам 7-сыныпта оқыған. Қайғылы жағдайға апарған оқиға 2025 жылдың 10 қарашасында басталған. Сол күні ауылдық амбулаториядан хабарласып, баласының басқа оқушымен төбелесіп қалғанын айтып, ата-анасын шақырған. Амбулаторияда Нұрисламның анасы, мектеп психологы Махаббат Әдепбаева, тәрбие ісінің меңгерушісі Айдар Чанчаров және Абзал есімді оқушының анасы болған.
Төбелес 9 қараша күні мектептен тыс жерде болған. Абзалдың анасы баласын ертеңіне дәрігерге апарғанда, оның Нұрисламмен төбелескені анықталған. Алайда дәрігер ауыр жарақат жоқ екенін айтып, оларды үйіне қайтарған. Абзал да, анасы да арыз-шағымы жоқ екенін жеткізген.
— Одан кейін бәріміз мектепке бардық. Бірақ психолог балалармен сөйлеспей, терезеге қарап отырды. Қолдау да, сұрақ та болмады. Өзім осы мектепте биология пәнінен сабақ бергендіктен, балалардан төбелестің себебін сұрадым. Бірақ ұлым үндемей қалды. Сол жерде Абзалдың анасы да «арызым жоқ» деді. Осылайша мәселе жабылуы керек еді. Алайда жұрт тараған соң психолог «бір шара қолдану керек» деді. Мен «онда жасөспірімдер полициясының есебіне қойыңыз» дедім. Ол маған «алдымен балаңды дұрыс тәрбиеле» деп жауап берді. Сол жерде сөзге келіп қалдық, — дейді Мақпал Әміртаева.
Анасының айтуынша, осыдан кейін мектеп психологы «зардап шеккен баланың ем-домына 20 мың теңге төлеңдер» деп талап еткен. Дәрігер ауыр жарақат жоқ екенін, ал екінші тарап арызданбайтынын айтса да, бұл талап қайталанған. Осыдан кейін тараптар арасында кикілжің күшейген.
— Үйге келген соң баламнан сұрадым. Сонда төбелестің себебі басқа екені белгілі болды. Абзал бірнеше көліктің магнитоласын ұрлаған. Мұны мектеп те білетін. Нұрислам магнитоласын сұрағанда, жанжал шығып, төбелес болған, — дейді анасы.
Анасының сөзінше, мектеп директоры бұл жағдайды білген соң психолог пен тәрбие ісі жөніндегі меңгерушіге істі ушықтырмай, балалармен және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керегін ескерткен.
Алайда Нұрисламның досы төбелесті видеоға түсіріп алған. Бұл видео мектеп әкімшілігіне жеткен соң, 11 қараша күні кешке тәрбие ісінің меңгерушісі Айдар Чанчаров Әміртаевалардың үйіне келіп, баланы телефонымен бірге сыртқа шақырған.
— Телефонын тексеріп, видеоны іздеді. «Ерте тарап кетсе бізге сөгіс болады» деп, балама менің көзімше ұрысты. Кейін үйге кіріп, тағы да айқайлады. Сол кезде балама: «Сен сияқтыларды балалар колониясына қамау керек. Ол жерде біреуді ұрмақ түгілі, біреудің артынан жуасың» деп ауыр сөздер айтты. Тағы «ертең видео тараса, ата-анаңды құқығынан айырады» деп қорқытты. Ақыры оны үйден шығарып жіберуге мәжбүр болдым, — дейді анасы көз жасын тыя алмай.
Осы оқиғадан кейін Нұрислам үнсіз бөлмесіне кіріп кеткен. Ертеңіне, 12 қараша күні таңертең анасы баласын жұбатып, құшақтап жұмысқа кеткен. Бұл — оның баласын соңғы рет құшақтауы екенін ол кезде білмеген.
— Балам өзіне қол жұмсайды деген ой мүлде болған жоқ. Сол күні мектепке бармағанын естіп, іздей бастадық. Үйге келсем, сөмкесі тасталған, мектеп киімі шешілген. Қорадағы ет сақтайтын орынға кіріп қалып, баламның асылып тұрғанын көрдім, — дейді ана.
Әміртаева баласының суицидке баруына екі күн бойы мектеп қызметкерлері тарапынан көрсетілген қысым себеп болды деп есептейді. Оның айтуынша, баласы полиция қызметкерлерін көріп, өзін алып кетуге келді деп ойлап, қатты қорқуы мүмкін.
Ата-анасы баланың денесін мәйітханаға сараптамаға бермей, жерлеу туралы шешім қабылдаған. Жерлеу кезінде ауыл әкімі, депутаттар мен мектеп ұжымы қатысқан. Сол жерде ата-анасы көпшіліктің көзінше баланың өліміне мектеп әкімшілігінің әрекеті себеп болуы мүмкін екенін айтқан.
Марқұмның ата-анасы бастапқыда мектеп психологы мен тәрбие ісінің меңгерушісі кешірім сұраса, істі жабуға дайын болған. Алайда мектеп тарапынан «ешқандай кінә жоқ» деген жауап алған.
— Біздің талабымыз — осы екі қызметкердің мектептегі қызметінен босатылуы. Баламның өліміне тікелей мектеп әкімшілігі кінәлі деп есептеймін, — дейді ана.
Адвокат Арман Шәріповтің айтуынша, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелген. Алайда тергеу барысында бірқатар маңызды процессуалдық әрекеттер жүргізілмеген.
Мектеп директоры Ахмет Иманов бұл іске қатысты пікір білдіруден бас тартып, шешім тергеу аяқталған соң қабылданатынын айтты.
Ал мектеп психологы Махаббат Әдепбаева өз тараптарынан ешқандай қысым болмағанын мәлімдеді.
Алматы облысы полиция департаментінің хабарлауынша, іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, өзге ақпарат жарияланбайды.