10 сәуір күні Талдықорғанда үлкен резонанс тудырған қылмыстық іске байланысты сот отырысы басталды. Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен алдын ала тыңдауға журналистер мен қарапайым азаматтар көптеп жиналды. Алайда сот залында ерекше жайт орын алды – қайтыс болған Шерзат Полаттың туыстары мен айыпталушылардың жақындары бір-біріне тым жақын, қатар отырғызылды.
Бұл жағдайға марқұмның әпкесі Перизат Нұрымова ерекше назар аударды.
– Бәріміз бір залда отырдық. Иә, бір-бірімізбен тілдеспедік, бірақ әркімнің көкейінде не тұрғанын кім білсін? Бұл отырыс марқұмның жақындары үшін ауыр болды, – деді Перизат Нұрымова.
Шерзат Полаттың отбасы қоғамдық қорғаушысы Дінмұхамед Каматайдан марқұмның туыстарына мемлекет тарапынан жол шығынын өтеу мәселесі қарастырылып жатқан-жатпағанын сұрадық.
– Өте орынды сұрақ. Шерзаттың туыстары – көпбалалы отбасылар. Олар үшін әр теңгенің мәні бар. Бұл мәселе бойынша әзірге ешкім ресми түрде өтініш бермеді, бірақ мемлекет тарапынан қолдау болса жақсы болар еді. Жалпы алғанда, біз сотты Қонаев немесе Алматы қаласына ауыстыруды қолдаймыз, – деді қорғаушы.
Айта кету керек, 2012 жылы 14 шекарашы мен бір қорықшыны атып өлтірген Владислав Челахтың ісі де алғашында әскери сотта қаралуы тиіс болған, алайда процесс Талдықорғандағы азаматтық сотқа ауыстырылып, екі айға созылған. Сол кезде қаза болған шекарашылардың туыстарына жол ақысы мен тамақ мемлекет есебінен қамтамасыз етілген болатын.
Кеше өткен алдын ала тыңдауда сот процесінің ашық түрде, онлайн трансляциямен өтетіні мәлім болды. Дегенмен, судья журналистерге айыпталушылардың (тоғыз адам, оның бірі кәмелетке толмаған) жүзін суретке немесе видеоға түсіруге тыйым салды.
Сот отырысында алқабилерден бас тарту туралы шешім қабылданды. Қос айыпталушыға “кісі өлтіру” бабы бойынша айып тағылса, қалғандарына ұрлық, соққыға жығу, ал кәмелетке толмаған айыпталушыға – пышақ жарақатын жасыру бойынша айып тағылды. Келесі сот отырысы 17 сәуірге жоспарланған.