«Шерзаттың өлімінен кейін тұтқындарды Хасанға қарсы куәлік етуге үгіттеді» — адвокат

44

Munarmedia.kz.15.10.2025 ж. /Астана/-Талғарда Хасан Қасымбаев пен оның серіктеріне қатысты сот процесі жалғасуда. Кезекті отырыста айыпталушылар өздерінің позициясын жария етті.

Еске салайық, бұл қылмыстық іс бойынша Қасымбаевпен бірге Сайлау Актанов, Данияр Аскаров, Руслан Алиев, Мәдияр Қалымжанов және Нұрмұхамбет Сұлтанбеков сот алдында жауап беріп жатыр. Оларға адам ұрлады, күш көрсетіп ақша талап етті және дене жарақатын салды деген айып тағылған.

Айыпталушы Руслан Алиев өзіне тағылған айыпты толықтай жоққа шығарды:

«Ешқандай ұрлау болған жоқ. Біз маска таққан жоқпыз. Алимовтың телефоны өзінде болды, ол қоңырауларға еркін жауап беріп отырды. Біз оны ұрған да, видеоға түсірген де емеспіз. Ол көліктен аман-есен өзі түсіп қалды. Тіпті, „үйіңе жеткізіп салайық“ дегенімізде, одан да бас тартқан», — деді Алиев.

Тағы бір айыпталушы Сайлау Актанов болса, өзін Қасымбаевпен мүлде байланысы жоқ деп мәлімдеді:

«Мен жазамды өтеп жүрген кезде маған қысым көрсетілді. Тергеушілер „Хасанмен танысың деп айт“ деп қыспаққа алды. Кейін мені қатаң режимдегі колонияға ауыстырды», — деді ол сотта.

Қорғаушылардың сөзінше, тергеу басталған сәтте бұл бес адамның барлығы да қамауда отырған.

«Шерзат ісінен кейін прокуратура мен ҰҚК-ге қарасты бөлімшелер түрмелерге барып, сотталғандарға қысым көрсетті. „Қасымбаевқа қарсы куәлік берсеңдер, жаза мерзімін қысқартамыз“ деп уәде еткен. Қазір осы дерек бойынша жеке қылмыстық іс қозғалды», — деп мәлімдеді адвокат Айдынғали Табылдиев.

Бұл сот ісі қоғамның айрықша назарында тұр. Қорғаушылардың айтуынша, Қасымбаев ісі — тек бір адамның тағдыры емес, сот пен тергеу жүйесіндегі әділдіктің сын-қатері болып отыр.