«Северный казах» :Кремльге бүйрегі бұрған блогер жазасын алды

56

Munarmedia.kz 19.11.2025 / Астана «Северный казах» деген лақап атпен танылған Асылан Төлегеновке қатысты даулы іс өз мәресіне жетті. Ұлтаралық араздық тудырып, жалған ақпарат таратқан блогерге сот 3 жыл 9 ай мерзім тағайындады. Бұл шешімді Көкшетау қалалық соты кеше жариялап, қоғам назарындағы істің соңғы нүктесін қойды.

Жабық есік жағдайында өткен процессте Төлегенов кінәсін толық мойындап, тергеу ұсынған айғақтарға қарсылық білдірмеген. Тергеу материалдары «орыс әлемін» насихаттаған оның видеолары ұлттар арасында жік салып, арандатушылыққа жол ашқанын анық көрсеткен. Сараптама да бұл мазмұндардың қауіпті деңгейде пропагандалық сипатқа ие екенін дәлелдеді.

Соттың мәлімдеуінше, айыпталушының кінәсі тек мойындауымен ғана емес, ұялы телефонынан табылған деректермен, әлеуметтік желідегі видеожазбаларымен және сараптама қорытындысымен толық расталған. Енді блогер жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.

YouTube желісінде «Северный казах» атауымен белсенді жүргізілген арна қысқа уақыт ішінде 173 мыңнан астам жазылушы жинап үлгерген. Өз идеологиясын ашық білдірген Төлегенов қазақтандыру саясатына қарсы шығып, «елде дерусификация басталды» деп, тіпті Кремльден көмек сұраған.

«Қазақстанда орыс тілі қысым көруде», «Қазақтарды адам қылған орыстар», «Орыс кетсе – елде берекесіздік басталады», «Ұлы Ресей, саған рақмет!» деген мазмұндағы үндеулері миллиондаған қаралым жинап, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.

Ол «Орыс әлемі әлемге жақсылық дәнін сеуіп, жер бетінде әділдік орнатуды мақсат етеді» деп мәлімдеп, Ресейдің идеологиялық мәдениетіне ашық қолдау көрсеткен.

Ertenmedia-ға түскен ақпаратқа қарағанда, мұндай ұстанымдағы блогерлерді Мәскеуге арнайы шақырып, құрметтеп, сый-кәде таратып отыру дәстүрге айналған. «Орыс әлемінің» насихатшыларына iPhone секілді бағалы сыйлықтар табысталатыны да белгілі болды. Олар Ресейдегі әсіреұлтшыл топтармен тұрақты байланыс орнатқаны айтылады.

Бұған дейін Sputnik агенттігіне сұхбат берген Төлегенов Қазақстандағы орыстілді азаматтардың құқығы жиі тапталады деп шағымданған еді. Сонымен қатар өзі тұратын Көкшетауды «Кокшетав» деп өзгерту жөнінде петиция ұйымдастырып, қоғамда үлкен пікірталас туғызған.

Кремль идеологиясына жалтақтап, насихат майданына айналдырған арнаның соңғы үні осылай тынды. Ал оның артында қалып қойған ақпараттық ізі – қоғамға ескерту: ұлттық қауіпсіздік тек шекарамен емес, санамен де қорғалатынын тағы бір дәлелдеп берді.