Си Цзиньпиннің сапары: Тоқаев Қытай басшысымен не жайында келісті

202

Munarmedia.kz 17.06.2025 /Астана/-Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді.

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы қазақ жеріндегі әрдайым ерекше құрметке ие мейман екенін атап өтіп, бұл сапар екі ел арасындағы шынайы және мызғымас достықтың айқын көрінісі екенін айтты.

– Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның тату көрші, жақын дос және сенімді серіктесі. Сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында қазақ-қытай өзара іс-қимылы теңдессіз қарқынмен дамып келеді. Бұл – жан-жақты және мәңгілік стратегиялық әріптестіктің рухына сай үдеріс. Егер ортақ тарихымызға үңілсек, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас әрдайым достық пен ынтымақтастыққа негізделіп келгенін көреміз. Онда ешқандай қақтығыс та, кедергі де болмаған. Екі елді өзара түсіністік пен ізгі ниет сипаттап келеді. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген емес, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екіжақты қатынастардың жаңа «алтын кезеңге» қадам басқанын және бұл серіктестік қос халықтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып жатқанын атап өтті.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Тоқаевқа ризашылық білдіріп, Қазақстанның оның басшылығымен ұлттық жаңғыру жолына бет бұрып, жаңа жетістіктерге қол жеткізіп жатқанын айтты.

– Соңғы жылдары біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Қытай мен Қазақстанның ортақ тағдыр қауымдастығы жаңа мазмұнмен үнемі толығып келеді. Әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобалар табысты жүзеге асырылып, екі ел халқына нақты пайда әкелуде. Мен Сізбен бірге Қытай мен Қазақстан арасындағы достықты дәйекті түрде нығайтып, көпжақты ынтымақтастығымызды бірлесе ілгерілетуге дайынмын. Қытай-қазақ қарым-қатынасы өңір мен бүкіл әлемнің дамуына үлкен үлес қосуы тиіс, – деді Си Цзиньпин.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.

Қос тараптың делегациялары энергетика, аэроғарыш өнеркәсібі, цифрландыру, кедендік реттеу, ауыл шаруашылығы, электрондық коммерция, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым және өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі құжаттармен алмасты.