Munarmedia.kz 26.06.2025 /Астана/-Ақтөбе қаласында алты баланың анасы әкім Азамат Бекетті сотқа тартуды талап етуде. Себеп – әкімдік атынан берілген, ресми түрде апатты деп танылып, бұзылуға жататын жатақханадан баспана ұсынылуы.
Көпбалалы ана Гүлжан Сейдильдина қиын өмірлік жағдайда қалып, жергілікті биліктен көмек сұраған. Алайда оның айтуынша, әкімдік өкілдері оған терезелері сынған, қабырғалары көгеріп, едендері шіріп кеткен, маса мен тарақандар өріп жүрген жатақханадан бөлме беріп, кілтін қолына ұстатқан.
💬 «Жатақхана бар деді де, кілтін беріп жіберді. Бөлім басшылары – Мадияр мен Аружан, депутат Нұржамал – бәрі де бұл ғимараттың қандай жағдайда екенін білді. Тіпті әкімнің көмекшісімен сөйлестім, әкімнің де хабардар болғанына сенімдімін. Мені сол үйге арнайы комиссия жіберді. Мен осы жағдайға барлық жауапты тұлғаларды жауапқа тартуды талап етемін. Бұл үйде тұру қауіпті, бірақ менің таңдауым болмады. Пәтерақыны екі ай төлемеген соң мені жалдамалы баспанадан шығарып жіберді. Жақында ғана операция жасатып едім, сондықтан қиындықтар туындады. Балаларыммен бірге амалсыздан сонда барып орналастым», – деді Гүлжан Сейдильдина «Орда» тілшілеріне.
Бүгінде көпбалалы ана төрт кішкентай баласымен бірге дәл осы апатты жағдайда өмір сүріп жатыр. Екі үлкен баласы ересек болғандықтан бөлек кеткен. Жатақханаға көшіп келгендеріне бес күн болған.
Бұл жағдай қаладағы әлеуметтік қолдау жүйесінің күйін тағы бір мәрте ашып көрсетті. Ресми түрде апатты деп танылған нысандарға отбасы орналастыру — тек шенеуніктік немқұрайлылықтың ғана емес, тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін шешімдердің бар екенін көрсетеді.
Мәселе бойынша әзірге Ақтөбе қаласы әкімдігі тарапынан ресми түсініктеме берілмеген.