"СК-Фармацияға" қатысты қылмыстық іс қозғалды: миллиардтар желге ұшқан ба?

28

Munarmedia.kz 17.10.2025 /Астана/ Қазақстанда мемлекеттік дәрі-дәрмек сатып алумен айналысатын ірі оператор – «СК-Фармация» компаниясына қатысты бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Сенаттағы брифингте мәлімдеді.

«Бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша іс тіркелді, тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етілмейді», – деді ол.

Осыған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «СК-Фармация» мемлекетке 35,8 млрд теңге көлемінде зиян келтіргенін айтқан болатын. Оның айтуынша, компания кейбір дәрілерді нарықтағы бағадан 365%-ға қымбатқа сатып алған, кейде мүлде қажетсіз препараттарға тапсырыс беріп, оларды дұрыс бөлмеген.

Базарбек пен әріптесі, депутат Мұрат Әбенов бұл деректер бойынша Бас прокуратураға ресми арыз жолдаған.

Айта кетейік, жазда Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов елдегі дәрілік қамту жүйесін қатаң сынға алған еді. Оның айтуынша, жүргізілген аудиттер салада жүйелі мәселелер бар екенін көрсеткен – дәрі-дәрмек сатып алу мен таратудың барлық кезеңінде кемшіліктер жетіп артылады.