Солтүстік Аралдың су көлемі 23,5 текше шақырымға жетті

69

Munarmedia.kz.04.09.2026.ASTANA – Солтүстік Арал теңізінің су көлемі соңғы жылдары артып, 23,5 текше шақырымға жетті. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 18,4 текше шақырым болған.

Қазақстан трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану және су нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытында көршілес мемлекеттермен құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырды.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстан барлық көршілес елдермен трансшекаралық су мәселелері бойынша құқықтық база жасақтап, екіжақты комиссиялардың жұмысын жолға қойған.

Атап айтқанда, Өзбекстанмен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және оларды ұтымды пайдалану жөніндегі келісімге қол қойылған.

Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимін өзара келісу Солтүстік Аралға түсетін су көлемін тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл, әсіресе, суы аз жылдары теңізге тұрақты су жіберуді қамтамасыз етуде маңызды.

Осының нәтижесінде Солтүстік Аралдың су көлемі 2023 жылғы 18,4 текше шақырымнан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғайған.

Мамандардың бағалауынша, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды тұрақтандырудың маңызды факторларының бірі болып отыр.

Су ресурстарын тиімді пайдалану, мемлекетаралық келісімдерді сақтау және Сырдария бассейніндегі су ағынын реттеу Солтүстік Арал экожүйесін сақтауға бағытталған негізгі шаралардың қатарында.