Munarmedia.kz 03.10.2025 /Астана/ Қазақстанның екі бірдей өңірінде – Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарында үй құстары жаппай қырыла бастады. Құс шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары дабыл қағуда. Бүгінге дейін нақты диагноз қойылмағанымен, жағдай ушығып барады. Бұл туралы Zakon.kz хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданына қарасты Бугровое ауылында 14 үйдің ауласында қаз, тауық, күркетауық және үнді үйректері жүздеп қырылып жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер кейбір аулаларда құстың жартысына жуығы қырылып қалғанын айтуда. Ал Павлодар облысында 5 бірдей ауданда – Теренкөл, Ақтоғай, Ертіс, Железин және Шарбақты – жаппай құс өлімі тіркелген.
Мамандар әзірге құс тұмауын жоққа шығарып отыр. Алайда күдік пастереллёз инфекциясына түсіп отыр. Бұл дерт құс арасында аса жұқпалы әрі өлімге әкелетін ауру ретінде белгілі.
– Пастереллёз бойынша зерттеу 10 күнге созылады. Қазіргі болжам бойынша нәтижелерді 4 қазанда аламыз, – деді аудандық ветеринариялық станция директоры Ербол Бәгенов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мамандар әр ауланы аралап, індеттің себебін анықтауға тырысуда. Алайда жағдай күрделі. Бір ғана шаруашылықта 1300 құстың жартысы қырылып қалған. Куәгерлердің сөзінше, құстар кенеттен ауырып, азаппен өледі.
Алматы облысының ветеринариялық қызметі ауырған құстардың көпшілігі тіркеуде болмағанын, вакцина ектірмегенін және ветеринарлық тексеруден өтпегенін мойындап отыр.
Павлодар облысында да жағдай мәз емес. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, 1700-ден астам үй құсы өлген. Бірақ нақты диагноз қою әзірге мүмкін болмай тұр – зертханалық талдау нәтижелері күтілуде.
– 1 қыркүйекте аңшылық маусымы ашылғаны белгілі. Осыдан кейін бірден құстардың қырылуы басталды. Бұған дейін, тамыз айында, жағдай тұрақты болған, – деді Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Бейсенов. Оның пайымынша, індеттің көзі жабайы құстар болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта өлген құстарды арнайы тәртіппен жинап, өртеп жатыр. Әрбір жағдай бойынша құжаттар рәсімделіп, акт жасалуда. Егер қауіпті инфекция расталса, зардап шеккен ауылдарға карантин енгізіледі. Құс иелеріне базардағы орташа баға бойынша өтемақы төлеу қарастырылып отыр.
СҚО-дағы құс өсірушілер де үмітін үзбей, залалдың өтелуін күтіп отыр. Алайда олардың көпшілігі құсты ресми тіркеуге қоймаған. Бұл – өтемақы алуда негізгі кедергі болуы мүмкін. Бугровое ауылындағы құс шаруашылығы – көптеген тұрғындардың жалғыз күнкөріс көзі. Ауылға карантин енгізу үшін зертханалық диагноздың расталуы қажет.