Солтүстік Қазақстандағы буллинг: бес бала қатарынан жәбір көрді

47

Munarmedia.kz 17.10.2025 /Астана/ Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында жасөспірімдер арасындағы қатігездік тағы да қоғам назарын аудартты. Екі мектеп оқушысы өз қатарластарын жүйелі түрде ұрып-соғып, қорлық көрсеткен. Салдарынан бірден бес бала зардап шекті.

Оқиға бойынша тексеріс жүргізіліп, бұзақы оқушылардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл — заңнамада қарастырылған буллинг үшін жауапкершілік аясында қабылданған шара.

Зардап шеккен балаларға психологиялық көмек көрсетілді, ал жағдайды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі бақылауына алды. Бұзақылық жасаған оқушылар мектепішілік бақылауға алынып, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, аудандық білім бөлімі бастамасымен прокуратура, полиция, педагогтар және ата-аналардың қатысуымен кеңейтілген жиналыс өтті.

Алайда мұның бәрі қоғамда үйреншікті сценарийге айналып бара жатқандай: жиналыс, ескерту, есепке алу. Ал буллинг — бұл жай ғана «жасөспірімдердің түсініспеушілігі» емес. Бұл — қоғам айнасы. Онда ересектер тым жиі «бала ғой, өздері келісіп алар» деген сылтаумен шетте қалып қояды.

Бірақ шындық мынада: қазақ қоғамында балаға жасалған озбырлыққа көбіне тек хаттама толтырумен шектелеміз. Ал бұл уақытта балалар мейірімділік емес, жазасыздық пен бейжайлықты үйреніп жатыр.