Munarmedia.kz 27.06.2025 / Астана /-Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы Ильичевка ауылында орналасқан қытайлық «Айцзюй» корпорациясына тиесілі агроөнеркәсіптік кәсіпорында күшті жарылыс болды. Бұл туралы куәгерлер түсірген бейнежазбалар әлеуметтік желіде тарап кетті.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылысқа газ құятын шлангінің үзілуі себеп болған. Оқиға орнында екі газ сақтайтын цистерна жанып, артынша Volvo маркалы газ тасымалдаушы көлік отқа оранған. Бұл туралы СҚО полиция департаменті хабарлады.
Жарылыс салдарынан тоғыз адам зардап шекті, олардың сегізі ауруханаға жеткізілген. Жарақат алғандардың денелерінде күйік іздері мен түрлі деңгейдегі жарақаттар бар. Қазіргі уақытта дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр.
Зардап шеккендер қатарында Көкшетау қаласынан келген газ жеткізуші жұмысшылар мен жедел жеткен құтқарушылар да бар екені анықталды.
Ресми мәліметке сәйкес, жарылыс болған өндіріс орны – «Тайынша май» ЖШС. Бұл кәсіпорын май және май өнімдерін өндірумен айналысады. Оның иесі – Қытайдың «Айцзюй» агроөнеркәсіптік корпорациясы, ол Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салып қана қоймай, халықаралық логистикамен де шұғылданады.
Айта кету керек, соңғы уақытта Қазақстанда мұндай техногендік апаттар жиілеп барады. Бұған дейін Кульсары қаласында жанармай құю бекеті жарылып, 16 адам зардап шегіп, екеуі қайтыс болған еді.
Мұндай оқиғалар өндірістік қауіпсіздік стандарттарын қайта қарау қажеттігін айқын көрсетіп отыр.
Бейнекадр: TikTok @kazahka парақшасынан.