Шри-Ланкада денге безгегін жұқтырғандар саны 100 мыңнан асты

18


Munarmedia.kz.30.09.2026.ASTANA. Шри-Ланкада жыл басынан бері денге безгегін жұқтырғандар саны 100 мыңнан асып, қауіпті індеттен 77 адам қайтыс болды.

Шри-Ланка Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері елде денге безгегінің 100 127 жағдайы тіркелген.

Аурудың ең көп таралған аймағы – Батыс провинциясы. Мұнда 52 562 адам денге жұқтырған. Бұл елдегі барлық тіркелген жағдайдың шамамен 52,5 пайызын құрайды.

Аудандар бойынша ең жоғары көрсеткіш Гампаха ауданында тіркелген. Мұнда 21 234 жағдай анықталған. Одан кейін Коломбо қаласы – 19 634 жағдай, Канди ауданы – 7 624 жағдай көрсеткішімен тұр.

Денге індетінің таралуы жаз айларында айтарлықтай күшейген. Әсіресе шілде айы ең ауыр кезең болған. Бір айдың өзінде ел бойынша 29 964 адамнан денге безгегі анықталған.

Денге – негізінен маса арқылы тарайтын вирустық инфекция. Ауру жоғары дене қызуы, бас және бұлшықет ауыруы, әлсіздік сияқты белгілермен басталуы мүмкін. Кей жағдайда ауру ауыр өтіп, адам өміріне қауіп төндіреді.

Шри-Ланка билігі аурудың таралуын шектеу үшін масалардың көбеюіне қолайлы жағдайларды азайтуға және санитарлық шараларды күшейтуге басымдық беріп отыр.

#ШриЛанка #Денге #ДенгеБезгегі #Денсаулық #Індет #ӘлемЖаңалықтары #Munarmedia