Швейцариядан келген қазақ 100 мың доллар инвестиция салғысы келді, бірақ оған мүмкіндік берілмеді

105



Munarmedia.kz 03.10.2025 /Астана/  «Ата жолы» бағдарламасы – шетелдегі этникалық қазақтарды қолдауға арналған құрал ретінде жарияланғанымен, шынайы өмірде бұл бастама жұмыс істемей тұр. Бұл мәселені Сенат отырысында депутат Бекбол Орынбасаров көтерді.

Депутаттың айтуынша, шетелден тарихи Отанына оралып, пайдалы іспен айналысқысы келетін қандастарымыз түрлі бюрократиялық кедергілерге тап болуда.

Мысалы, Швейцарияда тұратын дәрігер Серік Тұрсын Қазақстанға оралуды, өз тәжірибесімен бөлісуді армандаған. Тіпті елге үш заманауи УДЗ аппаратын сыйға тартпақ болып, 100 мың доллар көлемінде инвестиция салуға дайын тұрған. Алайда ол мемлекеттік органдардың есігін қанша қаққанымен, нақты жауап ала алмаған. Нәтижесінде, түбі үмітін үзіп, елге оралу идеясынан біржола бас тартқан.

– Бұл – жалғыз жағдай емес. Дамыған елдерде тұратын шамамен 150 этникалық қазақ «Ата жолы» картасын алуға ниет білдірген. Бірақ бірде-бірі өз жоспарын жүзеге асыра алған жоқ, – деді сенатор.

«Ата жолы» картасын алу былай тұрсын, қандас мәртебесін алу да кей жағдайда мүмкін болмай отыр.

Мәселен, өмір бойы Алматыда тұрған қазақ қызы Мария анасы жағынан қазақ болғанына қарамастан, қандас мәртебесін ала алмаған. Себебі заң бойынша этникалық қазақ екенін дәлелдеу үшін әкесі жағынан шығу тегі маңызды саналады.