Шымкент пен түркістанда «Байтақ» партиясы жаңа серпінге ие болуда

24


Munarmedia.kz 05.03.2026 /Астана/ – Қазақстанның Байтақ жасылдар партиясының Төрағасы Азаматхан Әміртаев Шымкент қаласына және Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірлік филиал активімен кең ауқымды кездесулер өткізді.

Шымкент қаласында өткен жиынға Алтай Ордабеков және партия белсенділері Сапар Әміртаев, Данияр Жетписпаев, Бауыржан Күлжанов, Жандос Әкімқұлов қатысты.


Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасының мәні мен оның елдің саяси жаңғыруындағы маңызы кеңінен талқыланды. Қатысушылар конституциялық өзгерістердің экологиялық қауіпсіздік, азаматтық жауапкершілік және орнықты даму бағытындағы рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Шымкент қалалық филиалының жұмысын күшейту, өңірдегі экологиялық бастамаларды жандандыру және партияның жергілікті деңгейдегі ықпалын арттыру мәселелері көтерілді.

Сапар аясында Азаматхан Әміртаев Сарыағаш ауданы мен Келес ауданы-на арнайы барып, партия мүшелері мен жергілікті белсенділермен кездесті. Келес ауданында партияның аудандық филиалы ресми түрде ашылып, жаңа төраға ретінде Смаилов Айбек Орынбасарұлы тағайындалды.


Жиналыс барысында өңірдің өзекті мәселелері, әсіресе ауыз су тапшылығы және ағынды су жүйелерінің жағдайы, кеңінен талқыланды. Партия Төрағасы бұл мәселелерді шешу экологиялық қауіпсіздік пен тұрғындардың өмір сапасын арттырудың негізгі шарты екенін атап өтті.

Сонымен қатар, сапар барысында Азаматхан Әміртаев Көктерек ауылы шипажай аумағындағы кәріз жүйелерінің жұмысымен танысып, инфрақұрылымның экологиялық талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударды. Ол қоршаған ортаны қорғау және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты ұсыныстар білдірді.


Шымкент пен Түркістан облысындағы бұл іссапар партияның өңірлік құрылымын нығайту, тұрғындармен тығыз байланыс орнату және экологиялық бастамаларды белсенді іске асырудағы маңызды қадам болып бағаланды.

📷 Фото: Шымкент пен Келес ауданындағы «Байтақ» партиясының кездесулерінен көрініс / ашық дереккөз.