Шымкентте аудандық полиция басқармасының басшысы ұсталды.

39

Munarmedia.kz 30.12.2025 /Астана/ –Шымкент қаласында 28 желтоқсанда Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының басшысы Батыр Мырзакелдиевтің ұсталғаны белгілі болды. Қазіргі таңда оның мүддесін адвокаттар Талғат Есімов пен Виктор Кривоносов қорғап отыр. Қорғау тарапы алғашқы мәлімдемесін жасап, олардың айтуынша, клиенті өзіне тағылған айыпты мойындамайды және болған жағдайды арандатушылық деп есептейді.

Адвокаттар қамауға алу туралы ақпараттың құқық қорғау органдары ресми түсініктеме бермей тұрып, бұқаралық ақпарат құралдарына тарап кеткеніне назар аударды. Қорғаушылардың пікірінше, мұның артында өздерінің қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға мүдделі тұлғалар тұруы мүмкін.

«Қорғау ұстанымы айқын: Батыр Мырзакелдиев кінәсін мойындамайды. Біз өзге тұлғалар тарапынан арандатушылық әрекеттер болды деп есептейміз. Олар осылайша қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға тырысып отыр, ал оларға қатысты материалдар Шымкенттің басқа ауданындағы аудандық полиция басқармасының өндірісінде қаралуда. Бұл істе пара алу дерегі жоқ», – деп жазды адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазіргі уақытта полицейдің нақты процессуалдық мәртебесіне қатысты ресми ақпарат жарияланған жоқ. Сондай-ақ істің қандай бап бойынша сараланып жатқаны және қандай тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны да белгісіз.

Ашық дереккөздерде Батыр Мырзакелдиев Шымкент қаласындағы аудандардың бірінде полиция басқармасын басқарған, ішкі істер органдарының қолданыстағы қызметкері ретінде көрсетіледі.