АСТАНА. 4 шілде. Munarmedia.kz – Шымкент қаласының соты Оңтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжі мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжінің басшылығы және қызметкерлеріне қатысты бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру ісі бойынша үкім шығарды.
Сот материалдарына сәйкес, бес айыпталушы кінәлі деп танылды. Тергеу мәліметінше, қылмыстық схема 2018–2025 жылдар аралығында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жалған студенттерді рәсімдеу арқылы жүзеге асырылған. Айыпталушылар құжаттарды қолдан жасап, білім беру жүйесінің ақпараттық базасына жалған мәліметтер енгізген.
Соттың анықтауынша, жалған тіркелген студенттерге мемлекеттен бөлінген қаражат оқу орындарының ағымдағы шығындарын өтеуге және коммерциялық несиелерін жабуға жұмсалған. Ал аталған студенттер оқу ақысын өз қаражаты есебінен төлеп келген.
Іс материалдары бойынша мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,35 млрд теңгені құрады.
Сот қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы ретінде оқу орындарының құрылтайшысы Эльмира Дүйсенқызын таныды. Оның әрекеті аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (жылыстату) баптары бойынша сараланды. Бұған дейінгі өтелмеген соттылығы ескеріліп, оның әрекетінде қылмыстың қайталануы (рецидив) бар деп танылды. Сот үкімімен Эльмира Дүйсенқызы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Колледж директоры әрі номиналды құрылтайшы Нұргүл Ербакиева мен бухгалтер Эльмира Сақтағанова 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Кадр бөлімінің басшысы Ботагөз Мырзахметова 6 жыл 6 айға сотталды. Бас бухгалтер Галия Жолдасоваға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған заңда белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
#MunarMedia #Astana #Шымкент #Сот #Колледж #БюджетҚаражаты #Алаяқтық #СыбайласЖемқорлық #Қылмыс