Munarmedia.kz 09.01.2026 /Астана/ Көпшілік жаңалықтардан көріп үлгергендей, Шымкент қаласында 21 жастағы мерзімді әскери қызметші Данияр Амалбеков қаза тапты. Тараз қаласының тумасы Ұлттық ұлан қатарында бір айға жетпей ғана қызмет еткен.
Ведомство мәліметінше, сарбаз денсаулығына шағымданып, қалалық ауруханаға жеткізілген. Алайда 6 қаңтар күні Даниярдың жүрегі кенеттен тоқтаған. Алдын ала қойылған диагноз – жедел лейкоз (қан қатерлі ісігі).
Дегенмен, марқұмның әкесі @halyqstan басылымына берген сұхбатында «әскери қызметкерлер мені көлікке отырғызып, қысым көрсету арқылы ұлымның ауруын бейнежазбада мойындатуға мәжбүрледі» деп мәлімдеді. Туыстары лейкоз туралы нұсқаға сенбейтінін айтып отыр, себебі бұл диагнозды растайтын ресми құжаттар әлі ұсынылмаған.