Munarmedia.kz 22.01.2026 /Астана/ Шымкент қаласында жол-көлік оқиғасынан кейін туындаған жаппай төбелес қайғылы жағдайға ұласты. Оқиға 20 қаңтар күні Ерімбетова мен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Toyota Camry автокөлігі бағдаршамның қызыл шамында тұрған Hyundai Sonata көлігімен соқтығысқан. Hyundai тізгінде 34 жастағы қала тұрғыны Н. Ешанкулов болған.
Апаттан кейін тараптар арасында жанжал туындап, Toyota Camry көлігіндегілерге Lexus LX 570 автокөлігімен келген тағы төрт белгісіз адам қосылған. Ауызша кикілжің төбелеске ұласып, оның барысында М. Қошкенбаевтың мойын тұсынан пышақ жарақаты салынған. Ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ Н. Ешанкулов пен В. Колесников түрлі дене жарақатын алған.
Оқиғадан кейін белгісіз тұлғалар В. Колесниковты күшпен Toyota Camry көлігіне отырғызып, алып кеткен. Кейінірек полиция қызметкерлері Toyota Camry мен Lexus автокөліктерін тауып, жәбірленушіні ВАЗ-2114 көлігіне отырғызып, Ордабасы ауданы бағытына алып кеткенін анықтады.
Сол күні кешкі сағат 19:00 шамасында Темірлановка ауылындағы орталық аудандық аурухананың маңынан В. Колесниковтың мәйіті дене жарақаттарымен табылды.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ ВАЗ-2114 автокөлігіне іздеу жарияланды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.