ШЫҰ-Астана саммиті: Жарты әлемнің басшылары жаһандық тәртіпті талқыламақ!
Бұл жолғы ШЫҰ басқосуы – «Көпжақты диалогты нығайту – тұрақтылық пен дамуға ұмтылу» деген ұранды тақырып аясында өтеді.
Астана бұл жауапкершілігі мол жиынды өткеруге дайындықты біраз бұрын бастап кеткен. Тіпті, осы саммит уақытында елорда көшелерінің қауіпсіздігі күндегіден өзгеше қорғалады. Құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеп, Астанада анти-террорлық режим енгізіледі. Квазисектор мен мемлекеттік қызметкерлердің 70 пайызы онлайн режимде жұмыс жасайтын болады. 3-4 шілдеде Астана балабақшалары жабық болады. Десе де, әлеуметтік желілерде тарап үлгергендей, дәл сол күні қала тұрғындарының жүріп-тұруы шектелмейді. Қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылмайды.
ШЫҰ ҚАНДАЙ ҰЙЫМ?
ШЫҰ бүгінгі таңда Еуразиядағы ең ықпалды халықаралық ұйым болып отыр. ШЫҰ-дағы 9 мемлекетте жер халқының 45 пайызы өмір сүруде (3 млрд-тан көп адам). Әлемдік ЖІӨ-нің 4/1-і әлемдік сауданың 15 пайызы осы ұйым мүшелеріне тиесілі.
Президент Тоқаев Нью-Делидегі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Кеңесінде: «Айтарлықтай саяси ықпалға, ауқымды экономикалық мүмкіндіктерге және орасан зор адами ресурсқа ие бола отырып, ШЫҰ бүгінгі адамзат бетпе-бет келіп отырған жаңа ғаламдық кедергілер мен қиындықтарды еңсеруге айтарлықтай үлес қоса алады», - деп сөйлеген еді.
ШЫҰ 2001 жылы «Шанхай бестігі» базасында құрылған. Ол кезде бестікке Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстан мүше еді.
Қазақстан 2023 жылдың 5 шілдесінен бастап ШЫҰ-ға төрағалық етті. Қазақстан бұл ұйымға осымен 4-ші рет төрағалық жасады. Қазақстан бұған дейін 2004, 2010 және 2016 жылдары төраға болған.
Жоғарыда айтқанымыздай, Шанхай ынтымақтастық ұйымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. 2023 жылы ШЫҰ-ға Иран қосылса, ертеңгі Астана саммитінде Беларусь аталған ұйымның толыққанды мүшесі болмақ деп күтілуде.
Қазір ШЫҰ құрамында кімдер бар? Қараңыз:
1) БҰҰ Қауіпесіздік Кеңесінің тұрақты 2 мүшесі бар. Олар: Қытай мен Ресей.
2) 4 ядролық держава бар. Олар: Қытай, Ресей, Үндістан мен Пәкістан. Бұған Иранның потенциалды ядролық державалығын тағы қосыңыз.
3) Әлемдегі ең көп халықты 2 мемлекет бар. Олар: Қытай мен Үндістан.
4) БРИКС-ке мүше 3 мемлекет бар. Олар: Қытай, Ресей мен Үндістан.
5) G20-ға мүше 4 мемлекет бар. Олар: Қытай, Ресей, Үндістан мен Түркия.
«АСТАНА ДЕКЛАРАЦИЯСЫ»: ШЫҰ САММИТІНІҢ МАҢЫЗЫ АРТПАҚ
Бұл факторлар аталған саммиттің һәм ондағы талқыланатын тақырыптардың ауқымдылығы мен маңыздылығы Еуразия кеңістігін ғана қамтып қоймай, жаһандық саяси тәртіпті реттеуге де бағытталатынын аңғарсаңыз болады. Соның ішінде Астананың ақырғы жылдары әлемдік саяси кеңістіктегі диалог алаңына айналып бара жатқанын айрықша атап өткен дұрыс. Сол үшін де, Астанадағы ШЫҰ саммиті әлемдік маңызға ие болмақ. ШЫҰ-ға мүше болуға сұраныс білдіріп отырған мемлекеттер де жоқ емес. Сол себепті де, бұл жолғы саммитке әлемнің 15 мемлекетінің басшылары арнайы келмек. Саммит соңында 20-шақты маңызды халықаралық құжатқа қол қойылады деп күтілуде. Соның ең маңыздысы – «Астана декларациясы» болмақ. Дәл осы «Астана декларациясында» ШЫҰ-ның қазіргі жаһандық қақтығыстар мен өңірлік мәселелерге қатысты позициясы анық айтылмақ.
10 МЫҢ ШЕТЕЛДІК ДЕЛЕГАЦИЯ КЕЛЕ ЖАТЫР...
Бұл жолғы Астанада өтетін саммитке ШЫҰ-ға еш қатысы жоқ мемлекеттерден де басшы-қосшылар келмек. Бұл дегеніңіз, өз кезегінде Қазақстанның саяси аренадағы беделін білдіретін фактор. Осы жолы саммитке БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш келіп қатысады. Одан өзге, Моңғолия, Әзербайжан, Катар, Түркия, БАӘ мен Түркіменстан келе жатыр. Осы жолы Астанаға 10 мың шетелдік делегация келуде.
ТОҚАЕВТЫҢ СҰХБАТЫ: «БІЗДІҢ ЕЛДЕРІМІЗ ҰЛЫ ЖЕТІСТІКТІҢ БАСТАУЫНДА ТҰР!»
ШЫҰ саммиті қарсаңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Синхуа» агенттігіне сұхбат беріп, аталған саммиттін жай-жапсары туралы егжей-тегжейлі баяндапты. Сұхбат: «Біздің елдеріміз – ұлы жетістіктің бастауында тұр», - деп аталады.
«Менің Шанхай ынтымақтастық ұйымына көзқарасым ерекше. Себебі, 1996 жылдың сәуірінде аталған ұйымды құру туралы алғашқы келіссөздер мен құжаттарды дайындау кезеңіне өзім қатысқанмын.
Кешегі «Шанхай бестігі» бүгінде екі есеге өсіп, «Шанхай ондығына» айналды. ШЫҰ-ға төрағалық етудің жауапкершілігі ауыр. Өйткені, төрағалық етуші тарап ұйымның күн тәртібін анықтайды. Ал біздің алға қойған мақсаттарымыз: қауіпсіздік мәселесі бойынша ортақ шешім табу, сауда-экономикалық байланыстарды арттыру, экологиялық қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығару және халықтар арасындағы достықты нығайту.
Тағы бір маңызды мәселе – ШЫҰ-ның жаһандық саясаттағы беделін одан ары арттыра түсу. Ол үшін ірі және өңірлік халықаралық ұйымдармен әріптестікті нығайту керек. Осы бағытта біз Нью-Йорктен Бейжіңге дейін, Найробиден Мәскеуге дейін 150-ге жуық іс-шара өткіздік. Ондаған халықаралық маңызды құжаттарға қол қойылды», - дейді сұхбатта.
Mezgil.kz