Талдықорғанда Қытай туы мен Си Цзиньпиннің портретін өртеу ісі бойынша сот басталды

66

Munarmedia.kz 25.01.2026 /Астана/ Талдықорған қаласында Қытай Халық Республикасының мемлекеттік туы мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің портретін өртегені үшін айыпталған тұлғаларға қатысты сот процесі басталды.

Айыпталушылар қатарында қандастар мен Қазақстан азаматтары бар. Тергеу органдары оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 2-бөлігі — «Адамдар тобы жасаған ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша айып тағып отыр. Аталған баптың санкциясы он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Іс 2025 жылғы 13 қарашада болған оқиғаларға байланысты. Сол күні наразылық акциясы барысында Қазақстан–Қытай шекарасына жақын, Шонжы ауылы маңында Қытайдың мемлекеттік туы мен қытай көшбасшысының портреті көпшілік алдында өртелген. Бастапқыда қатысушылардың әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық ретінде бағаланғанымен, кейіннен іс қылмыстық санатқа қайта сараланған.

Қазіргі таңда айыпталушылардың бір бөлігі қамауда отыр, қалғаны үйқамаққа алынған. Тергеу деректеріне сәйкес, акцияға қатысушылардың әрекеті ашық әрі арандатушылық сипатта болып, «ұлтаралық қатынастардың ушығуына әкелуі мүмкін» деген қауіп туғызған.

Ал қорғау тарапы бұл жағдайды өшпенділікке немесе зорлық-зомбылыққа шақыру емес, азаматтық наразылықты білдірудің бір түрі ретінде қарастыру қажет деп есептейді.

Сот процесі, өкінішке қарай, жабық режимде өтеді. Мұндай шешім айыпталушылардың бірінің өтініші негізінде қабылданған. Оның айтуынша, Қытай Халық Республикасының аумағында тұрып жатқан жақындарының қауіпсіздігіне алаңдайды. Осыған байланысты сот отырыстарына бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам өкілдері қатыса алмайды.

Келесі сот отырысы 29 қаңтарға белгіленген. Алдағы тыңдауларда айыпталушылардан жауап алу және қылмыстық қудалауға негіз болған бейнематериалдарды зерттеу жоспарланып отыр.