Munarmedia.kz 08.07.2026. ASTANA – Талғат Алдыбергенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды.
Тиісті шешімді компанияның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қабылдады. Осылайша, Талғат Алдыбергеновтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Ол «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметіне 2025 жылдың шілде айында тағайындалған болатын.
Айта кетейік, биылғы маусым айында өткен баспасөз мәслихатында журналистер Талғат Алдыбергеновке ықтимал мүдделер қақтығысына қатысты сауал қойған еді. Бұған оның AstanaTransExpress жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы екені және жұбайының теміржол саласында жұмыс істейтін бірнеше компанияға иелік ететіні себеп болған.
Өз кезегінде Талғат Алдыбергенов мүдделер қақтығысы жоқ екенін айтып, барлық меншік үлестері мен қатысу үлестері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес декларацияланғанын мәлімдеген болатын.
Қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жаңа басшысы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
#MunarMedia #Қазақстан #ҚТЖ #ТалғатАлдыбергенов #СамұрықҚазына #КадрлықТағайындау #ТемірЖол