Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Тарихи сәтсіздік: Германия канцлері алғаш рет алғашқы дауыс беруден өте алмады

45


Христиан-демократиялық одақтың жетекшісі Фридрих Мерц қажетті дауыс санын жинай алмады. Оған Бундестагтағы алты депутаттың қолдауы жетпей қалды.

Deutsche Welle жазуынша, Мерц – Германия тарихында Бундестагтың алғашқы дауыс беруінен өте алмаған алғашқы канцлер кандидаты атанды. Ол 316 дауыс қажет болғанымен, тек 310 дауыс жинады.

Бұл нәтиже тек Мерцтің өзін ғана емес, ресми түрде 328 мандатқа ие консервативті коалицияны да таңғалдырды. ХДО кандидатына қарсы 307 депутат дауыс берді, үшеуі қалыс қалды, ал бір бюллетень жарамсыз деп танылды.

Нәтижелер жарияланғаннан кейін Германия парламентінің отырысы шұғыл түрде тоқтатылды. Қайта дауыс беру 7 немесе 9 мамырда өтуі мүмкін. Егер Мерц екінші турда да абсолютті көпшілік жинай алмаса, үшінші турда қарапайым басым дауыс жеткілікті болады.

Бұл сәтсіздіктің себептері әзірге белгісіз. Алайда Германия баспасөзінде ХДО/ХСС блогы мен оның коалициядағы серіктестері арасында ішкі келіспеушіліктер мен наразылықтар жайлы қауесеттер қызу талқылануда.

Мерцке дауыс беру рәсім түрінде ғана болады деп күтілген. The Telegraph деректеріне сүйенсек, ол тіпті Париж, Варшава және Брюссельге алғашқы шетелдік сапарларға дайындала бастаған. Дауыс берудің үзілуі бұл жоспарларды бұзды.

«Бүгін кешке бізде канцлер Фридрих Мерц болады деп үміттенемін», — деген еді дауыс беру күні ХДО Бас хатшысы Карстен Линнеманн.

Алайда кешке қарай-ақ үкімет құрылмағаны белгілі болды, ал партия кінәлілерді жедел іздей бастады.

Неміс БАҚ-тарының хабарлауынша, кейбір депутаттар Мерцтің даулы бастамаларына байланысты оның бағытына қарсы шыққан болуы мүмкін. Ол ірі әскери шығындарға арналған сыртқы қарыздарға қатысты қатаң шектеулерді алып тастап, 500 миллиард еуролық инфрақұрылымдық қор құруды ұсынған. Бұл тіпті оның одақтастарының да сынына ұшырады.

ХДО-ның Германия үшін балама (AfD) атты оңшыл партиямен бірге қатаң миграциялық бақылау шаралары бойынша дауыс беруі де өз әсерін тигізген болуы мүмкін.

Германияда жақында AfD экстремистік ұйым ретінде танылды. Мерцтің сәтсіздігінен кейін бірден бұл партияның жетекшісі Алиса Вайдель кезектен тыс сайлау өткізуге шақырды:

«Мерц шетке кетуі керек. Бұл — Германия үшін жақсы күн», — деді ол.

ХДО кандидатын солшыл партиялар да сынға алды.

«Егер ол өз фракциясын да біріктіре алмаса, елді қалай басқарады?» — деп мәлімдеді «Солшылдар» партиясының тең төрағасы Ян ван Акен.

Екінші турдың нақты қашан өтетіні әзірге белгісіз. Қайта дауыс беру 14 күннің ішінде өтуі тиіс.

Алайда ХДО үшін Мерцтің алғашқы турдағы сәтсіздігі партияның беделіне соққы болды.

Наурыз айының басында ХДО/ХСС блогы мен СДПГ үкімет құру жөнінде алдын ала келісімге келген болатын.

• Фото: Sandro Halank / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0.