Тегерандағы жарылыстан кейінгі экологиялық қауіп: «Байтақ» партиясы шұғыл жиын өткізді

36

Munarmedia.kz 10.03.2026 /Astana/-Иран астанасы Тегеран қаласында мұнай өңдеу зауыты мен мұнай сақтау қоймаларына жасалған соққылардан кейін атмосфераға улы химиялық заттар тарағаны туралы ақпарат тарауда. Ірі өрттердің салдарынан ауаға күкірт пен азот оксидтері, сондай-ақ көмірсутек қосылыстары бөлінген. Иранның Қызыл Жарты Ай ұйымы мұндай жағдай қышқыл жаңбырдың пайда болу қаупін арттыруы мүмкін екенін ескертті. Тегеран тұрғындары аспанның қарайып, ауада химиялық иіс пайда болғанын хабарлауда. Әлеуметтік желілерде ластанған ауа массалары Орталық Азия бағытында жылжуы мүмкін деген ақпараттар да тарады. Алайда «Қазгидромет» мамандары Қазақстан аумағына қышқыл бұлттардың жетуі туралы ақпарат әзірге бақылау деректерімен расталмағанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, атмосферада ұзақ қашықтыққа таралған кезде зиянды заттардың концентрациясы айтарлықтай төмендейді. Соған қарамастан Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы жағдайды назардан тыс қалдырмай, экологтардың қатысуымен шұғыл жиын өткізді. Жиынға еліміздің әр аймағындағы эколог мамандар қатысты. Жиында партияның бас экологы Ержан Оразалинов арнайы баяндама жасап, қазіргі жағдайға талдау жасады. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанға қышқыл жауын-шашынның тікелей қауіпі әзірге жоғары емес. Дегенмен Ирандағы экологиялық жағдайдың ауқымы өте үлкен және Таяу Шығыстағы жағдай әлі де тұрақсыз. Сондықтан мамандар кез келген ықтимал жағдайға дайын болу қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты 12 наурыз күні әлем елдерінің жасыл партиялары мен экологтарының қатысуымен халықаралық дөңгелек үстел өткізу жоспарланып отыр. Бұл жиында экологиялық мониторинг жүргізу, ақпарат алмасу және ықтимал қауіптерге бірлесіп әрекет ету мәселелері талқыланады. Сарапшылардың айтуынша, экологиялық қауіптер шекара таңдамайды. Сондықтан мұндай жағдайларда халықаралық ынтымақтастық пен дер кезінде ақпарат алмасу ерекше маңызды.