Әлеуметтік желіде "Астана қаласы мешітінің бас имамы тұрады" деген зәулім үйдің видеосы тарады. Кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері аталған үйдің имамға тиесілі емес екенін дәлелдеу үшін оның иесін тапқан. МДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Facebook желісінде бұл жайтқа қатысты түсінік беретін видео жариялады. Онда сол үйдің иесі өзін таныстырып, зәулім ғимаратты өзі салғанын айтады. "Соңғы кезде осы үй бас имамның үйі делінген видео тарап жүр. Бұл жалған ақпарат. Бұл менің үйім. Мен Нұрлан Лесбекұлы осы үйде 15 жылдан бері тұрып жатырмын. Өзім соғып, өзім кіргенмін", - дейді кадрдағы ер адам. Осы ретте ҚМДБ өкілі де видеоға қатысты пікір білдірді. "Соңғы кезде әлеуметтік желіде тарап жатқан жала-жалғанға нүкте қоюға тура келіп тұр. Ұстаздарымызға, имамдарымызға, руханият саласындағы майталмандарымызға түрлі жала мен жалған ақпараттар кең етек алып жатыр. Құранның тілімен айтсақ, біреудің ақысын жеу, біреуге зұлымдық жасау, біреуге әділетсіздік таныту дүниелік һәм ақыреттік үлкен азапқа себеп болатын күнә болмақ. Қоғамда ізгілік жасау қалай сауапқа кенелтсе, біреуге зұлымдық жасаудан өзін тыю да үлкен сауапқа кенелтпек", - дейді діни басқарма өкілі.
Ал видеоны таратқан ер адам әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрады. Оның видеосын ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы таратты.
- Мен осыдан екі күн бұрын интернет желісіне Астананың бас имамының үйі деп бір видео салған едім. Ол видеоны мен бір арам оймен, жаман оймен түсірген жоқ едім. Шындығын айтсам, тик токқа салу үшін түсірген едім. Сол үшін бүкіл Қазақ елінен кешірім сұраймын. Астананыі бас имамынан кешірім сұраймын. Сол түсірген үйдің иесінен кешірім сұраймын. Мен де әкемін. Үш баланың әкесімін. Жалғыз шешем бар. Мұсылман бауырлардан кешірім сұраймын. Сондай бір жаман ой болған жоқ. Шу болып кетеді деп ойламадым. Арам ой менде болған жоқ, – дейді ол адам.