Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында халықаралық ұйымдарға қатысты тосын әрі қатаң пікір білдірді. Қазақстан президенті ЕҚЫҰ-ның объективтілігіне күмән келтіріп, адам құқықтарын қорғаушыларды сынға алды және елдің сыртқы кеңестерге тәуелсіз, өз жолымен жүріп келе жатқанын айтты.
«ЕҚЫҰ-ның берген бағасы мен үшін маңызды емес, себебі бұл ұйым өте біржақты көзқараста», — деді Тоқаев Қазақстандағы сайлау өткізуге қатысты сындарға жауап беріп.
Алайда осындай риторикаға қарамастан, ол Қазақстан бұл ұйымның белсенді мүшесі болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті дәл Астанада өткенін еске салды.
Адам құқықтарын қорғау ұйымдарына деген көзқарасы да скептикалық сипатта. Атап айтқанда, Human Rights Watch ұйымының Қазақстандағы саяси партияларды тіркеуге қатысты ескертулері сөз болды.
«Мен адам құқықтары жөніндегі ұйымдардың ұсынымдарын орындау керек деп есептемеймін. Біз оларды кімдердің немесе қай елдердің қаржыландыратынын жақсы білеміз. Бұл ұйымдарда жұмыс істейтіндердің арасында тым циник адамдар бар екенін де білеміз», — деді президент.
Мұндай мәлімдемелер Қазақстанның сыртқы саясатындағы күрт өзгерістердің белгісі секілді көрінуі мүмкін. Бірақ бұл — тек сырт көзге. Өйткені, бір мезгілде ел Еуропа елдерімен, соның ішінде Италиямен байланысын тереңдетіп жатыр.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелонидің Астанаға жасаған сапары барысында жалпы құны 4 миллиард еуро болатын келісімдерге қол қойылды. Бұл келісімдер энергетика, мұнай-газ, су ресурстары және стратегиялық шикізат салаларындағы жобаларды қамтиды. Қазақстан мен Италия арасында мұндай ауқымды келісім алғаш рет жүзеге асты.
Тоқаев Мелониді әуежайда өзі қарсы алып, бұл сапарды «айрықша маңызды» деп бағалады. Ал Мелони өз кезегінде президентке жоғары баға берді:
«Сізді мен жолыққан ең прагматик көшбасшылардың бірі деп есептеймін. Қазіргі күрделі жаһандық ахуалды терең түсінетін адаммен тілдесу – өте құнды», — деді ол.
Осылайша, Батыс институттарына айтылған сын Еуропа елдерімен тығыз экономикалық және саяси әріптестікке кедергі болмай тұр. Тоқаев ЕҚЫҰ-ны біржақты деп атап, құқық қорғаушыларға назар аудармауы мүмкін, алайда бұл оған ЕО басшыларымен миллиардтаған еуро көлеміндегі инвестицияны талқылауға және стратегиялық меморандумдарға қол қоюға бөгет емес.
«Ең алдымен біз өзіміздің ұлттық стратегияларымызды ойлауымыз керек. Бұл стратегиялар ел мүддесі үшін дұрыс жүзеге асырылуы тиіс. Мен Қазақстан президенті ретінде, өз елім туралы айтып отырмын», — деді Тоқаев сұхбатында.
Фото: Ақорда