Тоқаев Цифрлық кодекске қол қойды

34

Munarmedia.kz 10.01.2026 /Астана/ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексіне қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Құжатта биометриялық деректер жеке ақпараттың сезімтал санатына жатқызылған. Мемлекеттік органдар мұндай деректерді өңдеуге және биометриялық аутентификацияны қолдануға тек заңда тікелей көзделген жағдайларда ғана құқылы.

Цифрлық кодекс алты бөлімнен және 19 тараудан тұрады. Ол цифрлық құқықтар, заманауи технологиялар және мемлекеттік басқару саласындағы негізгі мәселелерді қамтиды.

Адам құқықтарын қорғау бөлігінде мынадай нормалар қарастырылған:
– жеке деректерді жою, анонимдеу және оларды өңдеуді шектеу құқығы;
– алгоритмдік жүйелер қабылдаған шешімдерді маманның қатысуымен қайта қарау мүмкіндігі;
– технологиялық бейтараптық, цифрлық этика және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттары;
– мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін цифрлық технологиялардың қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Сонымен қатар кодексте цифрлық технологиялар мен цифрлық объектілерді реттеуге арналған жеке бөлім бар. Онда цифрлық жазбалардың, жүйелердің, активтердің, ресурстардың, платформалардың, бағдарламалық қамтамасыз етудің және цифрлық инфрақұрылым объектілерінің құқықтық мәртебесі айқындалған.