Тоқаев конституциялық реформаны референдумға шығарады

53


Munarmedia.kz 14.01.2026 /Астана/ – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік және конституциялық реформа мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізіп, Конституцияға енгізілетін өзгерістер жөніндегі түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданатынын атап өтті. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

«Конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыхалықтық референдум барысында қабылдайды», – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 9 қаңтарда өткен жұмыс тобы отырысының қорытындылары туралы Президентке баяндады. Оның айтуынша, болашақ бірпалаталы парламенттің мәртебесін, өкілеттіктері мен функцияларын айқындауға, сондай-ақ оның мемлекеттік биліктің өзге тармақтарымен өзара іс-қимылына қатысты негізгі ұстанымдар әзірленген.

Сондай-ақ 15 қаңтарға жоспарланған жұмыс тобының келесі отырысында жаңа парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етудегі өкілеттіктері талқыланатыны айтылды.

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Мемлекет басшысын конституциялық реформа аясында жұмыс тобы мүшелері мен қоғам тарапынан келіп түскен жаңа ұсыныстармен таныстырды. Президент барлық айтылған пікірлер мен бастамаларды мұқият ескерудің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бөлек, кеңесте Қызылорда қаласында өтетін Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысына дайындық мәселесі қаралды. Қасым-Жомарт Тоқаев оның өтетін күнін – 20 қаңтарды бекітіп, іс-шараны ұйымдастыру және мазмұндық тұрғыда әзірлеу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Фото дереккөзі: Aqorda