Тоқаев ТМД елдерінің басшыларын Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық форумға шақырды

37

Munarmedia.kz | 11.10.2025 | Астана Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде сөз сөйлеп, әріптестерін 2026 жылы Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық форумға қатысуға шақырды. Бұл шара Қазақстанның ЕАЭО-дағы төрағалығы аясында ұйымдастырылмақ.

Тоқаев форумға ТМД мен ЕАЭО-ның бірлескен диалог алаңы мәртебесін беруді ұсынды. Яғни, өңір елдеріне ортақ экономикалық және саяси мәселелерді бірге талқылайтын платформа қалыптастыру қажеттігін айтты.

Алайда сарапшылардың айтуынша, ТМД бүгінде нақты интеграциялық ұйымнан гөрі, формалды сипаттағы құрылымға айналып кеткен. Бұрынғы КСРО құрамындағы елдердің көбі — бүгінде егемен мемлекеттер — өзара саяси қайшылықта немесе мүлде ынтымақтастыққа мүдделі емес.

Мысалы, Грузия, Украина және Балтық елдері ТМД құрамынан әлдеқашан шыққан немесе іс жүзінде оның жұмысына қатыспайды. Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабаққа қатысты текетірес әлі де шешілмеген. Молдова Еуроодақ бағытын ұстанып отыр, ал Түрікменстан бейтараптық саясатын сақтап, интеграциялық бастамалардан шет қалып келеді.

Қазіргі таңда нақты экономикалық әріптестік пен шынайы келісімдер Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде жүзеге асып жатыр. Бұл ұйымға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения мүше. Олар ортақ нарық, бірыңғай кедендік кеңістік, сауда және логистика бағытында нақты жобаларды іске асыруда.

Сондықтан да болашақ форумдар мен бастамаларды дәл осы ЕАЭО аясында өрбіту әлдеқайда қисынды. Ал ТМД атауы көбіне ностальгия тудырып, нақты ықпалдастықтан алыстап кеткен құрылым ретінде бағалануда.