Тоқаев Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес құру туралы жарлыққа қол қойды және оның төрағасы атанды

45

Munarmedia.kz.11.07.2025 ж. /Астана/-Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қорды басқару жөніндегі жаңа кеңес құру туралы жарлыққа қол қойып, оны өзі басқаратын болды. Бұл туралы Exclusive.kz хабарлады.

Жаңадан құрылған органның негізгі міндеті — Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру және елдің маңызды қаржы институттарының бірі саналатын қорды стратегиялық басқаруға бақылау жасау.

Кеңес құрамына мемлекеттің жоғары билік тармақтарының өкілдері енді: Премьер-министр, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, Президент Әкімшілігінің басшысы, Ұлттық банк төрағасы, бірінші вице-премьер, Жоғары аудиторлық палата төрағасы, сондай-ақ Қаржы және Ұлттық экономика министрлері. Кеңестің жұмыс органы ретінде ҚР Президенті Әкімшілігі айқындалды.

Кеңеске Ұлттық қордан кепілдендірілген және мақсатты трансферттердің көлемін белгілеу, аса маңызды мемлекеттік жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін басқару және инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін бекіту тапсырылды.

Президент кеңес төрағасы ретінде оның қызметіне жетекшілік етіп, отырыстардың уақытын және орнын белгілейтін болады, сондай-ақ кеңес мүшелерінің барлығы үшін міндетті нұсқаулар беруге құқылы.

Сарапшылардың пікірінше, енді Ұлттық қорды пайдалану тиімділігі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болады.