Тоқаев: Жаңартылған Конституция Қазақстанның технологиялық дамуына жол ашады

11


Munarmedia.kz 12.03.2026 /Astana/ – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде жаңартылған Конституцияның маңызы мен алдағы референдумның тарихи мәніне тоқталды.

Мемлекет басшысы конституциялық өзгерістер елдің технологиялық дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастамалар жасанды интеллектті дамытуға, цифрландыру үдерісін жеделдетуге және әділетті әрі өркендеген Қазақстанды қалыптастыруға негіз болады.

«Біздің Жаңа Конституциямыз технологиялық прогреске, жасанды интеллекттің дамуына және толық цифрландыруға жол ашады. Сондай-ақ ол Отанымыздың Әділетті әрі Өркендеген мемлекетке айналуына ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 15 наурызда өтетін референдумның маңыздылығына да ерекше тоқталып, азаматтарды, әсіресе жастарды осы тарихи сәтте белсенділік танытуға шақырды.

«Референдумға белсенді қатысу – ел тағдырына бейжай қарамайтыныңыздың көрінісі. Бұл маңызды күні берілген әр дауыс – өз Отанымыздың жарқын болашағын қалыптастыруға жеке үлес қосу мүмкіндігі», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент ұлы ойшыл Абайдың «Адамның адамшылығы істі бастауынан білінеді» деген сөзін еске салды. Оның айтуынша, бұл нақыл реформаларды жүзеге асыру мен елдің болашағын қалыптастыру ісінде жауапкершілік пен адалдықты талап етеді.

Мемлекет басшысы жаңартылған Конституция негізінде Қазақстан одан әрі дамып, әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарынан лайықты орын алатынына сенім білдірді.